Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  249


Автор: Нұргүл МАУЛИНА

КИІЗ ҮЙ

Дүние көктем келсе, құлпырады,
Жаз келіп, жайнауы да мүмкін әлі.
Жанымның жазиралы жайлауында
Ақ орда алты қанат үй тұрады.
Тербейді бүгін мені тас құндағым,
Жүрсек те жиі ойлап бастың қамын;
Көгінде көңілімнің киіз үй тұр
Көмкерген әсем жырмен басқұрларын.
Ақ ордам күмбезденіп тосар алдан,
Тосар алдан, қиялға қосар арман.
О, шіркін, қазағымның қараша үйі,
Еңкейіп енген бәрі босағаңнан!
Бұрышсыз, алқасы жоқ жайды аңсаған
Басқа жұрт жете қойсын қайдан саған?!
Киіз үй – әсемдіктің мұражайы,
Басталған табалдырық, маңдайшадан.
Паш еткен ынтымақ пен бірлігіңді,
Басталған ала таңнан тірлігіңді;
Күміс күн шаңырақтан төксін шуақ –
Жеңеше, ашшы ертерек түндігіңді!
Киіз үй – менің тірек, тұғырым ең,
Өзіңнен сұлулықты ұғынып ем.
Көздерін керегенің жасыратын
Мүйізі қарағайдай бұғы кілем.
Іргеңде ақтарушы ем көңіл шерін,
Өремді биіктетер төрің сенің.
Келемін өмір бойы мойындап мен,
Өзіңде туған жырдың өміршеңін.
Жалғанған оюлармен үзік арман,
Маржанын сұлулықтың сүзіп алған;
Ораулы шилері де қандай әсем
Әжемнің саусағының ізі қалған.
Басына керегенің жанатты іліп,
Қиялмен бұрымымды тарап тұрып;
Өшпеуін түтінімнің тіледім мен,
Маздаған жерошаққа қарап тұрып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу