Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  76


Автор: Айнахан Есетова

Cөз бастау

Тұлпар менен тектілікті сөз етсем,
Табам бәрін әкем жайлы деректен.
«Кесекті ердің көзімін» ғой құдай –ау,
Неге сонша өзімді-өзім қор еткем?
Маңғыстаудың маңғаз тауы рухы,
Жырларымда жусанының жүр исі.
Замананың айта алдың ба шындығын,
Сыршыл жүрек Ар алдында жүгінші?
Жөгілік пен жайсаңдықтың арасын,
Бұл күндерде айыра алмай барасың.
Дәрмені жоқ, жүнін жұлған торғайдай,
Қайран менің, тірлікке көз қарасым.
Кешір жұртым, бола алмадым кемеңгер,
Тауды көрдім төбешіктен төмендер.
Бас изейді бұрыс істі дұрыс деп,
Көкірегі көр соқыр мен кереңдер.
Кем - кетікті кер тірліктен мезі боп,
Күлге айналған ұшқындардың шоғы жоқ.
Жалпақ жұртқа қандай пайда, не қайыр,
Пенде болып күн өткізсең себі жоқ.
Шаужайына жармасып- ап арманның,
Ай- арландым, арландым!..
Тұлпар мінген текті әкенің қызы боп,
Қаламымды қайта ұстауға қармандым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу