Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  93


Автор: Айсырға Қилыбаева

РУДАКИ

Сүңгіген мұңға, мүлгіген саздан
Қасірет-умен ғазалдар жазған
Рудаки тірі.
Мың жастан асты
Қаншама ханның тәж-тағы тозған...
...Сатани патша сарайындағы
Әнші мен ақын маңайындағы
Бағыныштыларын басқарушы етіп,
Патша әмір оны тағайындады.
Ұлы кеудеде маздаған өлең,
Патша сарайын сазға бөлеген.
Адамдық қуат – асыл мұраты,
Дабыра-дақпырт жазбаған өлең.
Әділет, теңдік тілепті ақын,
Рухы биік, жүректі ақын
Қалдырып кетті әлемдік мұра,
Патшаға емес, халыққа жақын.
Қара халықты жақтағаны үшін,
Қасиет, кейпін сақтағаны үшін
Көздерін ойып, сарайдан қуып,
Қатыгез патша алыпты өшін.
Екі көзі ойылған ақын,
Патша сарайынан қуылған ақын
Шығыстың жарық жұлдызы болып,
Тарихта жазып қалдырды атын.
Көркемдік қуат, даналық дарып,
Артында жазған бәйіті қалып;
Қырық жыл сарай ақыны болған
Қартайған шақта болыпты кәріп.
Кеудесі жарық төгіп көреді,
Рудаки әлі көріп келеді.
Сатани патша сарайынан
Біздерге қарай жүріп келеді…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу