Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  88


Автор: Қыдырбай Тұрмағанбетұлы

ҚАРА ТОҚТЫНЫҢ ХИКАЯСЫ

Дауа бар ма сезімге?
Қара тоқты кезінде
Жастықпен байқамапты,
Сүйтіп жүріп,
Ішінде «Бірдеңкесін» шайқап апты.
Он тұрып, он жатып,
Жүр енді бүгін толғатып.
Сездіруге басқаға
Ыңғайсыздау, ұяттау.
Кәмелетке толмаған
Тоқты да... бала сияқты-ау.
Алайда, жағдайы қиындады,
«Іш ауруы» тиылмады,
Аһылады, үһіледі,
Тіпті, бір рет бақырып берді.
Ақыры, болмаған соң
Шешесі – қоңыр саулықты шақырып келді.
Қоңыр саулық саспады,
Тоқтысының қате қадамын
қиын сәтте бетіне де баспады.
-Е-е, шырағым,
Мұның аты толғақ болады.
Ана ішіңдегі...
жерге түскенше
Осылайша қорлап болады, -
деп жұбатып жатты.
Мұны қара тоқты естігенжоқ –
Толғақтың тауын «құлатып жатты».
... Әңгімені қысқартып айтқанда,
Кешкілік
Отар өрістен қайтқанда
Қара тоқтының құрсағы
Екі-үш рет бүлк етті.
Кешікпей
қощақан жерге сылқ етті.
Болғасын «іш бүрмесі» тарап,
Қоңыр саулық тоқтыға қарап,
Тіл қатты: - Қарағым,
Алдымен қозыңды жалағын.
Қара тоқты мелшиіп тұра берді
Жалаудың істемей талабын.
Оу, саған не болды?
Тұр ма басын айналып?
Нет, мама,
Я так решила ойланып:
Оси бир кишкентай бала ушин
Не хочу сидеть байланып.
Не деп тұрсың, оңбаған!
Бастай көрме сұмдыққа
Бұрын-соңды болмаған.
Жоқ, мамочка, извините...
Немереңіз қалады сіздің үйде.
Әй, тоқта!
Тоқта деймін, сен тегі!..
... Қара тоқты естігісі келмеді,
Отардың ішіне кіріп кетті.
Бұл жағдай
қарт саулықтың көкірегін тіліп кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу