Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  109


Автор: Бірғали Байекеев

АУЫЛ КӨРІНІСІ

Шұбатылып
түтін тұр, шұбатылып,
Бозбаладан қалғандай
бұзақылық..
Бозғыл тұман
таң алды сызылады,
Қалыңдықтай
қоштасқан ұзатылып.
Қол салады
қара шал қабағына,
Ер салады
ер жігіт жабағыға.
Кетік тісін
көрсетіп езуінен,
Бала кетіп
барады сабағына.
Қара мая
ыңырсып, қаздияды,
Қарбалас топ
жұмылып саз құяды.
Қарлығаштар
ұшады айналсоқтап,
Мекен еткен
былтырғы жазғы ұяны.
Қызыл бұзау
Құйрығын шаншып атып,
Сұр ала айғыр
Сауырын қамшылатып.
Қырға тартты
Шуда жол шиырымен,
Шөп біткеннің
Жанарын тамшылатып.
Құлағында
күмбірлі сырға ойнатып,
Ақ жүзіне
ақ таңнан нұрды ойнатып.
Ару кетіп
барады, ару кетіп,
Аңсар болған
көңілге мыңды ойлатып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу