Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  266


Автор: Қалбай Әбдіраманов

ҰЛДАРЫМА НАСИХАТ

Апыл да тапыл әр адым,
Жүруге міне жарадың.
Тағамды баспа аяққа,
Түкірме суға қарағым!
“Түкірме желдің өтіне,
Өзіңнің түсер бетіңе!”
Шалқыған анау көк теңіз,
Ағаш ек соның шетіне!
Шығасың талай төрлерге,
Жетесің талай өрлерге.
Атыңнан түсіп бата оқы,
Кесенелерді көргенде!
Сөз айтпай тұрып кішіге,
Өзіңнің қара ісіңе!
Көресің кейде өңіңде,
Енбегендерді түсіңе!
Құста да болар қасық қан,
Ақылды абзал жас ұққан.
“Сабырдың түбі – сары алтын”,
Тезірек жетер асыққан!
Пайғамбар жазған бар – ҚҰРАН,
Көп сөздер қалған арғыдан:
Үмбеттеріме өзімнің,
Бірдеңе мен де қалдырам!
Табарсың қайдан оңай дау,
Өлтіру мені қолайлау!
Мен ойлап өттім елімді,
Елге де керек – мені ойлау




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу