Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  66


Автор: Оңайгүл Тұржан

Төбелерiм, бересiң тек төрiңдi...

Төбелерiм, бересiң тек төрiңдi,
Жусандар-ай, ұсынасың жолыңды.
Әттең, мынау бiздiң митың тiршiлiк,
Мәнсiздiкпен байлар менiң қолымды.
Бiрақ көңiл шаршамауға бекiндi,
Сәске келер, келер сосын екiндi.
Тiрлiктегi барлық терең мәндiлiк,
Мәнсiздiктен басталатын секiлдi.
Күштiлердiң бағалайды күшiн кiм,
Жанымыздан өтiп жатар мүсiн мың.
Мән бермеушi ек, ендi мәннiң құнын да,
Мәнсiздiктер арқылы мен түсiндiм.
Жолдар жатыр қиғаш-қиғаш, көлденең,
Көңiл, сiрә, жеткiзбейтiн көк дөнен.
Түпсiз жатқан ғажап тереңдiктi де,
Тайыздықты кешiп барып көрген ем.
Келер күндер үздiк үмiт жастанып,
Әр сәтiңдi сенiм ғана басқарып.
Жартылардан бүтiн өмiр құралып,
Қадамың да сүрiнуден басталып.
Қара түнiң аппақ таңға ұласып,
Тiкенектен қып-қызыл гүл бүр ашып.
Келе жатыр қуаныш пен шаттық та,
Сәтсiздiктiң бәрiнен жөн сұрасып.
Шыбын-шiркей шағар, оған қайрылма,
Шығып ал да төзiм деген айдынға,
Сексеуiлдей балталаса сынбайтын,
Сенiм деген құдыреттен айрылма.
Үмiтiңе жармас қолға iлiккен,
Сәл бақытқа мәз бол, қарсы ал күлiп кең.
Өмiрге сен! Сенбесең ол саған да,
қарайды екен одан да зор күдiкпен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу