Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  72


Автор: Оңайгүл Тұржан

ТАҒЫ БІР ЖЕЛ

Сай-сала
Бір-біріне гүл берісіпі,
Жусанға жұтылады түндегі шық.
Өмірден оның да аузы күйген білем,
Жел отыр шалшық суды үрлеп ішіп.
Ол енді жылжытам дер бөктер шыңды,
Бұлт кетті қалқып, жыртық шекпен сынды.
Сабағынан үзіліп өкпек желмен,
Тыныштық құздан құлап кеткен сынды.
Әлімжеттік жасап жел қасқа құмға,
Апарып тастап келер басқа қырға.
Қурайларға сыңсытып ән салдырған,
Желге жонын төсейді тас қабырға.
Көктем бұл –
Келіп жеткен шашуын ап,
Бұлақ желмен ағады тасынып-ақ.
Жел сосын қаланы да аралайды,
Адамдар тобырына қосылып ап.
Аралап көреді ол әр қаланы,
Көліктің көптігіне таң қалады.
Тек қана Алматыға келе алмайды,
Алатау қызғанады ол қаланы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу