Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  107


Автор: Оңайгүл Тұржан

НҰРА МА ЕДІҢ?

Ойпыр-о-ой,
Нұра ма едің,
Нұра ма едің?
Сен жайлы талайлардан сұрап едім.
Сен құшақтай ағасың, кәусарым-ау,
Арқаның құба белін.
Солтүстіктің самалын маңдайға алып,
Толқындарың барады таңдай қағып.
Сағынышқа айналған сезімдердей,
Ағып барып жатырсың,
Көлге айналып.
Саған дала сән бере көсілген кең,
Жағалауың жас құрақ кекілденген.
Ерке өзенім,
Жатырсың көлге айналып,
Туған жердің жанары секілденген.
Сен сүрінсең, мен-дағы сүрінермін,
Ақындары арқалар жүгін елдің.
Байлық іздеп үңілем жүректерге,
Ал менің жүрегіме үңілер кім?
Кейде мына өр көңіл тұнжырайды,
Жүрегіме таң емес, түн құлайды.
Астаң-кестең боламын аяқ асты,
Толқындарым жағаны ұрғылайды.
Демде шарлап шыңдардың шынар-төсін,
Найзағайдай шарт та шұрт сынам тосын.
Көлге айналған өзіңдей,
Мен де өлеңге,
Мен де өлеңге айналып...
Тынам сосын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу