Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  70


Автор: Оңайгүл Тұржан

САҒЫНЫШПЕН САЯСАТ ЖАСАЛМАЙДЫ

Көше шамы жанады жалынсыз-ақ,
Көбелектер қонады бағын сынап.
Тал-терекпен таласып сол көшеде,
Бағаналар өсiп тұр тамырсыз-ақ.
Тамыр тартып кетермiн, бәлкiм, дейдi,
Үмiтпен өмiр сүрген әркiм дейдi.
Жапырақ жайсам дейдi ол жазған да,
Сабырдың түбi сары алтын дейдi.
Қала бұл – шапшаңдықтар бекетiндей,
Оған тек қыстың сөзi өтетiндей.
Өлең жайлы жұқалап айтайын десем,
Жұп-жұқа сөз сетiнеп кететiндей.
Мәшинелер ұйықтайды өз тұрағында,
Осында жүр жауабың, сұрағың да.
Бәрi бар,
Тек сағыныш жоқ секiлдi,
Қоғамның химиялық құрамында.
Түсiнем. Қоғамыма мойыма деп,
Айтамын, айта берем қайыра кеп.
Сағынышпен саясат жасалмайды,
Жасалса, шекаралар жойылар ед.
Жойылар ед жаралы майдан ана,
Түсiндi дейсiң оны қай замана.
Ал әзiрге күзетiп сағынышты,
Шекаралар шөлдейдi айдалада.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу