Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  90


Автор: Оңайгүл Тұржан

КӨЛ ЖАЙЛЫ ӨЛЕҢ

Толқыны жататын ән толғай қалып,
Шағаласы ұшты ендi қонбай налып.
Көз жасы көл болып бiр жылайды адам,
Ал көл жылар қақсыған шөлге айналып.
Шөлге айналса – ол көлдiң жылағаны,
Зеңгiр көктен бiр тамшы сұрағаны.
Жылағаны, тыңдап бiр жұбанатын,
Қайда кетiп қалған деп бұлақ әнi.
Қамысы өлдi, тұратын көктемге ұнап,
Қурап қалды жап-жасыл шекпендi бақ.
Кеттi ақыры хабарсыз сол көл үшiн,
Теңiздерден су сұрай кеткен бұлақ.
Кiм бiледi теңiзге жеттi ме екен?
Әлде. . .
Ол да тақыр боп кептi ме екен?
Сол көлден менiң жаным артық па деп,
Өзiн өзi бiр шөлге төктi ме екен?
Көл жатыр қақсып сол бiр даласында,
Қурап бiткен қамыстың арасында.
Көл дейдi екен оны жұрт әлi күнге,
Шөлдi нұсқап,
«Көл» дейдi ел, нансың ба?!
Дала-мiнез, қатал-ау, тасыр қандай,
Бiр-бiрiнен қаталдық асырғандай.
Қамыстары құлапты көл үстiне,
Айдынының өлiгiн жасырғандай.
Аптап желi ұрлады үлдесiн бек,
Жалқын өңi қып-қызыл күнге сiңбек.
Қамыс байғұс айдынын жасырады,
Бiреулер кеп табалап жүрмесiн деп.
Көгiлдiр көл аймақты тұрған алып,
Толқындары жүйіткитiн бұрмаланып.
Бiр-ақ түнде жер ауып кеткен сынды,
Сары даладан көл өзiн ұрлап алып.
Жағасында жайқалған көгi бар-ды,
Көгi кеттi, орнында шөлi қалды.
Жал-жал құмға қараймын,
Сары дала
Жетелеп жүрген сынды өлi нарды.
Жетелер олай барып, бұлай барып,
Өi нар жүре берер шыр айналып.
Боз дауыспен боздап бiр салады әнге,
Тiрi шағын сағынған сыңайланып.
Шөлде өстiм, таныс оның бұла түнi,
Жырларымнан естiлер қырат үнi.
Ұлы шөлдi түсiнем,
содан менiң,
Өлеңiмнен шөл есiп тұратыны.
Аққу кеттi қонатын төр қайғы боп,
Шөл мұңы ауыр,
Толғаймын сол жайды көп.
Соны ойлаймын, амал не,шықты, мiне,
Көл жайлы өлең
Тағы да шөл жайлы боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу