Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  80


Автор: Оңайгүл Тұржан

КЕҢ ДАЛА

Дала, сенiң кеңдiк деген сыйың бар,
Мiнезiңде мәрттiк деген түйiн бар.
Ой-қырыңды жол қылады шапқылап,
Көршiсi жоқ құйындар.
Балбал тастар отыр сенi тақ қылып,
Самал желiң айтады оны аптығып.
Көбелектер гүл-теңiздi iшедi,
Тастарыңды асырайды қаттылық.
Дала деген – тыңдай бiлсең – күй кенi,
Сыңғыры бар, күмбiрi бар күймелi.
Балапанын тербетедi ұялар –
Бозторғайдың шаңырақсыз үйлерi.
Аптабының өзi де бiр тектiлiк,
Бұлттар жүрер өзiн күнге кептiрiп.
Шегiрткелер шiлде жайлы ән айтып,
Бұлақ өзiн сақтай алар бек-күлiп.
Шөлде туған бұлақты жел өбектер,
Аялайды оны жасыл теректер.
Жинала қап сол бұлақтың басында,
Сырласады үйiр-үйiр теректер.
Шөлге бiткен кiшкене бақ -
Ән-астар,
Кең даласын жамандықтан аластар.
Жапырақтар сыбдыр-сыбдыр етедi,
Жорнал көрiп отырғандай ағаштар.
Шапшаңдықты шашпай-төкпей ұстайтын
Қара жолдар – сол далада қыстайтын.
Таулар мұнда биiк емес, бiрақ. . . мәрт,
Жартастарын қынаменен тыстайтын.
Қайран дала, сағынарым, құдайым!
Табынарым, сен аман бол ылайым.
Көркiңдi айтып тауыса алатын емеспiн,
Бұл өлеңге үтiр қоя тұрайын,




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу