Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  99


Автор: Оңайгүл Тұржан

ҚОРҚЫТАДЫ ӨЛЕМ ДЕП …

Көңiлдерде сансыз күдiк тудыртып,
Мына бiздiң үмiт кейде тұрды үркiп.
Күн мен түндi әрең-әрең жалғадық,
Құрғақ сөзге су бүркiп.
Қаңбақ ой шаңбақ сөзге шатылып,
жағы талмай сайрайды кеп жат үгiт.
Газет бетiн у-шу қылар күнi-түн,
Адамдарды бөлiп ап сан тақырып.
Келiмсек ой аңғалдықты шандыған,
Басқа жата бақыт мол деп салды ұран.
Барар жерi жоқ даланың таулары,
Тапжылмады орнынан.
Түп тамыры мұнда еместер елеңдеп,
Тайып тұрды, талайы жүр “көрем” деп.
Теңiздер де тас байлап ап мойнына,
Қорқытады өлем деп.
Ел iшiнен елеңдеген сырды аңдай,
Қайсы бiрi. . . басқаша амал құрғандай.
Жылы-жылы сөздерiнiң артынан,
Түлкi қарап тұрғандай.
Түлкiсiнiң түрi сұлу көрiнiп,
Күлкiсi тұр моншақтай боп өрiлiп.
Түсiп қалма солар құрған қақпанға,
Мына бiздiң мiнездегi бөрiлiк.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу