Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  117


Автор: Оңайгүл Тұржан

Жаңа қоғам.

Жаңа қоғам.
Су жаңа Мұң.
Таң алды.
Айна алдында Асығыстық таранды.
Жетiмдердiң үйiне әкеп өткiздiк,
Тiсi түсiп, шашы ағарған моральдi.
Аштық отыр тоқтықтан өш алғалы,
Шегелер жүр өлтiрем деп балғаны.
Қара бояу қашып шықты қарғадан,
Бар бояуға патша болу арманы.
Құмырсқалар кешiккендей ұлы iстен, жүгiредi.
Жаңғырықтың шуы үстем.
Жасандылық жарқ-жұрқ етiп ұшады,
Күлкiлерге тағып қойған күмiстен.
Маңғаз қарап бағасы асқақ Бұйымдар,
Адам - оның жанындағы үйiндi әр.
Қағып-соғып, көмiп өте шығады,
Сырты тiрi, iшi өлi құйындар.
Сан пiкiрдi тапап өтiп сан талас,
Бiр үзiм күн, сенiң шуың тарқамас.
Өмiр деген бақыт та емес, сор да емес,
Өмiр деген - үстемдiкке жанталас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу