Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  70


Автор: Оңайгүл Тұржан

Үзіледі шарасынан...

Үзіледі шарасынан,
Уыс-уыс түндерім.
Саусақтардың арасынан,
Сауылдайды күндерім.
Бұлт құшақтап бозаң айды,
Тарқатты наз-өрімін.
Күздің даусын аралайды,
Жаңбыр-жаңбыр көңілім.
Сен де кеттің сары шілде,
Құс даусы да азайдың.
Келе жатып таң ішінде,
Жапырақтан жаз ойдым.
Қос жағаны мекендеген,
Жасыл құрақ, қайдасың?
Жасыл күн де кетер менен,
Ұрлап жастық айнасын.
Айналды қос жаға мұзға,
Арасында сал қайық.
Екеуміздің арамызда,
Сағыныш жүр сарғайып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу