Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  85


Автор: Оңайгүл Тұржан

АҒАШЫ ЖОҚ ОРМАН

Құлқыныңды қамай тұр,
Жеп тауысты тағатты ол.
Ел шетінде тоғай тұр,
Ақсақ аяқ, шолақ қол.
Заман-адам – алдаушы,
Келді, міне, ортаға.
Жапырақтың жан даусы,
Ұмтылады балтаға.
Тегін отын. Кенелді.
Сайлап келіп көлігін,
Тиеп алып жөнелді,
Ағаштардың өлігін.
Көк терегім құсалы,
Лайланды күй тынық.
Көк түтін боп ұшады,
Шыбын жаның үйтіліп.
Мұңын айтса тақыр, құм,
Жылатады жалғанды.
Кезіп келе жатырмын,
Ағашы жоқ орманды.
Жусап қалған елдердей,
Жапырақ-жұрт жатты өліп.
Соғыстан соң келгендей,
Тұрмын!
Әлем – қақ бөлік!
Жан жоқ!
Тірлік безгендей!
Үнсіз үрей қамады.
Шошындым мен – кезгендей,
Адамы жоқ қаланы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу