Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  68


Автор: Оңайгүл Тұржан

ЖЕҢІЛІС

Құба жон кең даланың шетін өрген,
Тәуекелім, келдің бе бекіп елден.
Найзағайлар жоқ болды жалт етті де,
Дауысы сонау қырға кетіп өлген.
Үйректердің соңында тізбек қалып,
Гүлдер де қашты қырдан күз кеп қалып.
Ақша бұлттар, оралмай кетті олар да,
Қырда өлген найзағайды іздеп барып.
Қараша айы!
Басылды дала шаңы.
Тау кетті аттап өтіп аласаны.
Ақ қырау ойға жылжып жетті міне,
Бір қырға тұсап тастап қарашаны.
Қараша айы! Сол қырда тұсалып тұр,
«Кетер ме ем,- дейді ол да – күш алып бір!»
«Күш алдым енді, міне!» - дей бергенде,
Кетеді екен билікті қыс алып бір.
Күз желі қыс желінің теңі ме еді,
Теңі емес, сондығынан шегінеді.
Аязды жегіп алып келді боран,
Ол да ертең көктемінен жеңіледі.
Бір құдырет барына сеніп іштен,
Ырза бол шаттығыңа тегін ішкен.
Жеңіс үшін келген ек бәріміз де,
Ұлы өмір тарқайды екен жеңіліспен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу