Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  74


Автор: Оңайгүл Тұржан

ҚАЙ ЖАҚТАН КІСІНЕДІҢ, ҚҰЛЫН ӨЛЕҢ?

Қай жақтан кісінедің, құлын өлең?
Шылбырды ала жүгірдім құрығымен.
Алтын дәмін ұсынып сағыныштың,
Келіп тұрған сенбісің шыныменен?!
Қалай таптың адасып кеткен мені,
Күзден сұрап жеттің бе бөктердегі?
Саған барып бір хабар айтты ма, әлде,
Хат боп ұшып сезімнің кептерлері?
Налыдым. Сенсіз өтті жаз да күліп,
Бір кезде жанғаны – ұмыт, озғаны – ұмыт.
Кетті түсіп көңілдің қайығынан,
Иығымда жүріп-жүріп тозған үміт.
Құлдыраңдап жүгірмей сезім-бала,
Мұңайдым кешікті-ау деп төзім –дана.
Үміт түсіп кеткен соң, жалғыз қалып,
қайығымда отыр ем өзім ғана.
Құлын-өлең, қай жақтан келіп қалдың?!
Сен жоқта пенде болып өліп қалдым.
Құрық ұстап жүргендер көп еді ғой,
Сен мені қалай ғана танып қалдың?!
Құлын-өлең,
Кел кенді адаспайық!
Адастырар күндерді аластайық.
Мен сені күтіп-бағып тұлпар етем,
Ал менің тұлпарыма жол аш, қайық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу