Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  101


Автор: Оңайгүл Тұржан

ӨС, АСТАНАМ!

Жалқаулықты жер қылар қарсы ағыстай,
Шеберлер шықты қайла, балтаны ұстай.
Күн емес, сағат санап өс, Астана,
Алты айда атқа мінген Алпамыстай.
Әспетте Астанаңды тосылма, жыр,
Заулаған көп көліктен шошынба, қыр.
Көшеңнің шаңын басып беремін деп,
Алатаудың бұлты да осында жүр.
Қазақ тіл!
Шаттанды алда бағы бардай,
Алтын тақтан сөйлеп бір ағылар ма-ай?!
Қуаныштың көз жасын сүртіп тастап,
Сарыарқа жүр жүрегі жарылардай.
Сарыарқа әз қалаға сүйінуде,
Жел келді жүрдектікті үйіруге.
Ескі Ақмола
Ескі ойын шешіп тастап,
Жағалы жаңа арман киінуде.
Тоқтатқанмен соғуын сағаттары,
Отыз жеті ...өшкен жоқ санатта әлі.
Қайтты, міне, ауылға сол жылдары,
Тұтқында қалған қазақ жер аттары.
Ертеңгі кереметке асықшы, үміт,
Жалқаулық жиналыстан қашып шығып,
Қазақтың даласынан қашқан жаудай,
Жұтаңдықтар көшеңнен босып шығып.
Сәт туды өскеніңді санап тұрар,
Өс, Астана, сүйінтіп алапты бар.
Хас сұлу бол Париждер мойнын созып,
Лондон кеп таңдай қағып қарап тұрар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу