Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  128


Автор: Рахат Қосбармақ

Талай қыздың ішінен

Талай қыздың ішінен
Таңдап сүйген бір гүлсің.
Қадіріңді енді түсінем,
Қамығумен өткен күн құрсын!
Қаперсіз салып қиғылық,
Қателігімді жаңа ұқтым.
Жазықсыз сені күйдіріп,
Жаныңа жара салыппын.
Ашуға бәрін жықтырып,
Ақымақтық істеппін.
Барлығын енді ұқтырып,
Бармағымды тістеттің.
Өз тағдырыңды, әрине,
Өзің ойлап, шешерсің.
Болады мұндай әр үйде,
Кешіре алсаң, кешерсің.
Сенсіз көрген күнімде
Мағына жоқ, мән де жоқ.
Сенсіз өткен түнімде
Сауық та жоқ, сән де жоқ.
Әлемнің тәжін-тақытын
Қайтемін теңеп лағылға?!
Сен екенсің ғой бақытым,
Сен екенсің ғой бағым да.
Шоқ салып бүгін сезімге,
Қоламта-ойды үрлеттің.
Қасымда жүрген кезіңде
Қадіріңді білмеппін.
Қамайды күнде кешкілік
Қып-қызыл оттай жалындар.
Қадіріңді кеш біліп,
Қайғылы болған халім бар.
Кері қайтармас ашу бар,
Келейін деген ниетің жоқ.
Бармайын десем, басым дал,
Барайын десем, бетім жоқ.
Жүзің де сенің жарқындау,
Жүрегіңде қайғы жоқ мүлде.
Шыдамым менің сарқылды-ау,
Шынымен тастап кеттің бе?!
Осындай болар түсінген –
Тозаққа тонын салғандай.
Сергелдең күйге түсірген
Сезімсіз едің сен қандай?!
Мына дүние – маған абақты,
Мың жерден қина, көнемін.
Жасаған солай жаратты,
Жазығым сонда не менің?!
Жанымды күнде мұң езді,
Жалындап тұрған арман мол.
Өзгерте алмасам мінезді,
Өлу ме жалғыз қалған жол?!
Білмеймін – күнәм нешінші,
(Бір ғана қайғы – хабаршы).
Сонда да мені кешірші,
Соңғы рет қайта оралшы!
Ағындап аққан бұлақ та
Алады таудан ең басын.
Екі баламды жылатпа,
Еңіреп жетім қалмасын.
Соларға кейін мен керек,
Сол кезде кімді «Әке» дер?!
«Көке» деп кімге еркелеп,
Көңілін кімнің көтерер?!
Өксумен күнді өткізіп,
Өмір бойы қап табаға;
Тіршіліктен көрмей түк қызық,
Тірі жетім боп қала ма?!
Қып-қысқа мынау жалғаннан
Қызық көрмесең құмартып;
Тірі жетім боп қалғаннан
Тірі жүрмеген мың артық.
Перзенттеріме кім ие-ай?!
(Пендеге әр таң – мереке).
Опасыз, жалған дүние-ай,
Кімдерге бердің береке?!
Сезімім тұрмас байласаң,
Сендерді, жаным, қимаймын.
Осыларды ойласам,
Кең жаһанға сыймаймын.
Жүрегім менің – құр түнек,
(Жүлік достарым бір күлсін).
Ішім – дерт те, сыртым – өрт,
Сенсіз көрген күн құрсын!
Аңқылдап келіп қол алшы,
Аялауға тырысайын –
Ошағыңа оралшы,
Күтемін сені күн сайын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу