Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  94


Автор: Төлеген Жанғалиев

Аңсау

(Х.Матаевтың 70 жылдығына арналған өлең)
Өмір заңы – одан асқан жоқ қатал,
Қайда барсақ қарт орнын жас басар.
Жетпісті біз жеңіл бере салғанмен,
Ажарыңыз танытпайды, ақсақал!
Сақал қайда, мұрттың өзін қабақтай,
Жүрегіңіз жүр емес пе жаратпай.
Көселіктің өзі – сіздің көркіңіз,
Америкада тұратұғын қазақтай!
Кемітіп ап жүргенменен кейде біз,
Керегедей Шыңғыстаудай кеудеңіз.
Ал Шыңғыстау аласарып көрген жоқ,
Аға, Сіз де аласара көрмеңіз!
Біз биікпіз өзің барда, өр тұлға,
Біздер үшін дайын астай даңқың да.
Сізге деген махаббатын халықтың,
Шамасы жоқ ешкімнің де сарқуға!
Шамасы жоқ, шаласы көп болса да,
Шаң боратқан шала естілер қаншама.
Ағайыннан алам деген алғысың,
Аяз болып батты-ау, бірақ арқаңа!
Ойхой, аға! Ой мен сөздің дүлдүлі,
Білте шамдай сығырайдық біз міні.
Қаладағы Сізді кейде аңсайды,
«Қап» деп қалған Қарауылдың тұрғыны.
Түгіміз жоқ «төрт құбылам түгел» дер,
Ел жүйрігін енді бөтен жүгендер.
Жапа жапқан тоқал тамнан келіп ап,
Жақсы тұрмыс үйретеді біреулер.
Керегі не мұның бәрін жасырып,
Жасаппыз-ау сіз бар кезде асылық.
Талантсыздың тақымында жүр қазір,
Таланттылар ақ серкедей бақырып.
Қой дер қожа, әй дер әже емге жоқ,
Керісінше, кеуіп, піскен кеуде көп.
Ойын-тойда елдің кейбір үлкені,
Отырғанға мәз болады төрге кеп.
Өз төріне өзін қойған іңкәр ғып,
Өзгелерді өзімсиді мылқау жұрт.
Келіп-кетер келімсектен не пайда,
Елді-ұлтан, ал өздерін сұлтан ғып!
Ау, ағатай, ардың аппақ кемесі,
Төлегенді дерте бұзған демеші.
Кейде осылай тілім қышып кетеді,
Кейбіреудің езгілесе егесі.
Бүгін той ғой, тойды тонды сұрамай,
Бос көңілдің көзін жаспен шыламай.
Айтар сөздің түйіп айтсақ түйінін –
Сізге риза ұлы Мұхтар, ұлы Абай!
Жер жүзіне жеткені үшін атағы,
Осы адамдар сізге берер батаны.
Мақтау алып берген бізге Матаев,
Матаевтың басқада жоқ шатағы!
Жетпіс жасқа жетіп жатса сол адам,
Жақсы атағы жалпақ елге тараған.
Көше түгіл көрінгенге беретін,
Мүсін құйып қояр едім қоладан!
Тірі адамға керек емес ол бірақ,
Мүсін тозар, бұлақ солар, тау құлап.
Айналайын, аппақ ағам, аймаңдай,
Аман-есен жүре берші албырап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу