Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  130


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қасқабұлақтың қасқасы.

Қарт Шыңғыс қыр арқадан қиқуласа,
Орда тау орта тұстан тың тыңдаса.
«Қасқабұлақ» бола ма, Қасқабұлақ,
Қасқабас, қарыс маңдай ұл тумаса.
Топырағында бұл елдің ұлылық бар,
Толғағын Тобықтының тығып ұстар.
Толғағы қасиетті болмаса егер,
Қайдан келді ұлы Абай, ұлы Мұхтар.
Құдайым бұл өңірге сөз дарытқан,
Алыпты көп тудырып, аз халықтан.
«Қасқабұлақ» жұртында кісілік бар,
Кісілік кір емес қой қолға жұққан.
Емшек ембей, сөз емген ел ұлдары,
Жақ біткеннен жасып бір жаңылмады.
Көз арбап, «жарқ-жұрқ» етіп көрінеді,
Жүзіктей ханзаданың қолындағы.
Маңдайының бітісі-Марғұландай,
Тұрпаты мен тұрысы дәл Құнанбай.
Қасқа айғырдай қасқайып Отан шықса,
Қасындағы достары тай, құнандай.
Жүз қаралы кісіні бойымен басып,
Жүз қаралы кісіден оймен де асып.
Бір адамға көрмеген кеуде керіп,
Бір адаммен көрмеген жанжалдасып.
Жетпіс жасқа жетіпті Отан ағам,
(Жетпіске жете ала ма, нашар адам?)
Қазірде арғымаққа қарғып мінер,
Қарттықты сығалатпай босағадан.
Өн бойы сөз сапырған бір оркестр,
Өнерге жастайынан құлақкесті ұл.
«Отан» деп еркелеткен ел-жұртына,
«Жүз жасқа жетпегенім ұят» деп тұр.
Е, жетсін, жетпейтұғын несі барды,
Орда бұзар бір жастың жасы қалды.
Аманғайша апамыз аман болсын,
Апамыз жақтырмайды жасығанды.
Жасыма, жасыма аға, жаса күнде,
«Таусылған жоқ, тағы көп сапарым» де.
Бабалардың батасы өзіңізде,
Бақытты сол, болса егер бата кімде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу