24.07.2022
  102


Автор: Төлеген Жанғалиев

Шыңғыстауға сыр

(Құтжан Аңсабайұлының аруағына бағыштадым)
Хан Шыңғыс, қазыналы қарт бабамыз,
Тау-тасы, шоң шоқысы, тастағы аңыз.
Айбынын айға білеп сен тұрғанда,
Айтшы өзің, біз кімдерден жасқанамыз?
Шекеңді шекер етіп күн жалаған,
Төбеңе төніп бұлттар ту қадаған.
«Алатау», «Қаратау» мен «Тарбағатай»,
Табынып, биіктігін бұлдамаған.
Айналайын, Хан-тауым, шын бабамыз,
Тарихтан түскен емес бір бағаңыз.
Жеті ел кеп, жеті ел кетсе, не қылайын,
Жерсініп сенде қалған біз ғанамыз.
Жерсіндік, желпілдедік желмаядай,
Бақ құштық, қабақтардан қар борамай.
Қараменде бабаға ермей қалдық,
Балығы көп Балқашқа көз қадамай.
Шештірмей киіз үйдің түңлік бауын,
Бауырға ап мұңға батқан мұңлықтарын.
Би атам билік айтып, қимай қалды,
Керегедей керілген Шыңғыстауын.
Екі ғасыр еншілеп ел өзіңді,
Дәм-тұзын тіршіліктің тере білді.
Жер шарына жеткізді Абай атам,
Тасқа қашап тастаған өлеңіңді.
Солай, Баба, қарт Шыңғыс, қара көмбем,
Қарайсың болашаққа дана көзбен.
Тоң жастанған ұрпағың және де көп,
Топырақ та бұйырмай қара жерден.
Қан жылаған жүрегін қайрақ қылып,
Сені олар сағынды зарлап тұрып.
Қарғыс айтты ант атқыр заманына,
Адамдарды жіберген жауластырып.
«Жаулардың» жасаған соң бәрі қысым,
Жаспен жуып көздегі сағынышын.
Шет жайлап, шерменде боп жүрді олар,
Мансап қумай мал жиған жазығы үшін.
«Әрі кетпей және де бері келмей»,
Жүрсе де жүйткіп тұрған сөзі желдей.
Топай-баба баласы Аңсабай қарт,
Аллаға не жазып ед шегінердей?
Шегінді, шегіндірген – жаңа дәуір,
Қарғыс атқыр, қан жұтқан қара дауыл.
Каңбақ құсап қаңғырып кетті ұрпағы,
Баба қорлық арқалап, бала-жәбір.
Заман солай жан-жақтан қыстамаса,
«Керкеге» кетпес еді-ау Құтжан ата.
Тәшпық аға Тәшкенге қашар ма еді,
«Жаусың» деп қызыл жаға ұстамаса.
Жұмағали зар жұтып елде қалды,
От жүрек Исағали ол жоғалды.
Жұмақсан, Мұқалардың аяғын да,
«Бай тұқымы» деген сөз байлап алды.
Құтыла алмай жаулардан күйе жаққан,
Құтжан қарт Түркістанға түре қашқан.
«Ардашиін» сағынды күндіз-түні,
Шыңғыстау шыңдарына иек артқан.
Бес ұлы бет-бетімен пышыраған,
Ойларын ойран етті құты қараң.
Түн ұйқысын төрт бөлді шошындырып,
Түңлігі жабылған түсі жаман.
Көкседі туған жерін, көрсем деумен,
Көз жасы бір тыйылмай кемсеңдеумен.
Жат топырақ жастанып қалды бірақ,
Көре алмай туған елін көркемделген.
Көре алмады, көрсетпей қызыл қоғам,
Шындық өліп түрмеде шырылдаған.
Түркістанда түңіліп дүниеден,
Жатыр баба топырақ бұйырмаған.
Бәлкім солай із-түссіз жатар ма еді,
Заманның өзгермесе қатал көзі.
Ел Егемен алды да ерлеріне,
«Бодаулықтан, кәнеки, босан» деді.
Босандық, бодаулықтың бұздық шебін,
Тіктірдік өткен күнге тірлік көзін.
Ата-баба аруағын ауызға алдық,
Тарқатып тарам-тарам шындық шерін.
Түстей ғып түңілдірген қанша адамды,
Өлгендер өзімізге қайта оралды.
Құтжан қарттың қадір мен қасиеті,
Ораз боп, Медғат боп қайталанды.
Қайталанса қандағы бар ізгілік,
Талантына басқаны табындырып.
Ол-дағы ата-ананың өлмегені,
Омырауынан ақ уыз ағызғызып.
Хан Шыңғыс, қазыналы қарт бабамыз,
Тау-тасы, шоң шоқысы, тастағы аңыз.
Бүгін біз құт құйылған құшағына,
Тағы да бір балаңды ап барамыз.
Ол балаң аңсап күткен арда емгенің,
Сағынып балалық шақ, бал кездерін.
Сенде туды, сен деп ол көзін жұмды,
Айта беріп қайтеміз өлген жерін.
Бір саған бағыштаған бар арманын,
Ол да бір ойда-жоқта жоғалғаның.
Өзің де сезіп-біліп жатырмысың,
Қуылған Құтжан қарттың оралғанын.
Оралды, оралдырған өскен ұрпақ,
Белшеден бейнетті өмір кешкен ұрпақ.
Туған елдің туындай олар да бір,
Көкбайрақ боп тұратын көкте шырқап!
Көк туым желбіресін, жығылмасын,
Кептіріп көздердің де бүгін жасын.
Еліме Құтжан баба соңын берсін,
Ал, тағдыры ешкімге бұйырмасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу