24.07.2022
  85


Автор: Төлеген Жанғалиев

Сынықшы

Өткен күнді еске алсаң-ертегідей,
Уақыт зымырайды дерте білмей.
Уақытты тоқтату мүмкін емес,
Желге ыққан алып кеме желкеніндей.
Біз мінген кеме келді жағалауға,
Өткен күн-өкінгенмен оралар ма?
Өткен күннің елесі сияқтынап,
Көзімізге көрінер ағалар да!
Ағалардың бәрі, рас, ойда қалмас,
Үлкенсіп, мұжығанмен тойда жамбас.
Кейбірі кемпір ұстар келсап сынды,
Кейбірі жарқ-жұрқ еткен қолдағы алмас.
Алмастың ақ жүзіне төс батпайды,
Қап түбінде қалса да тот баспайды.
Алмас қылыш сияқты ағалар да,
Өлместің өр шыңында асқақтайды.
Жарқылдап сан ағалар арасынан,
Жалғанның нұры саулап қанатынан.
Менің Төкен ағам да төрімде жүр,
Мерейі асып халықтың бағасынан.
Төрімде жүр дегенім-бұл қазаның,
Бұлтартпас құрығына қимағаным.
Өлмес, өшпес еңбегі естен кетпес,
Нұқ Пайғамбар сияқты нұрлы ағаның.
Нұқ Пайғамбар-Ажалмен алысқан жан,
Ғайып болар тірлікке қайық болған.
Қос қолында Алланың киесі бар,
Төкеңді ұмытады халық қайдан!
Өмір үшін айқасқан құшқанда Ажал,
Өміржан атамыздан жұққан болар.
Төлеуғазы ағаның емшілігін,
Ұқпаған да, бағалап, ұққан да бар.
Емшілікте әркімге қона бермес,
Емші болса адамды қаза жеңбес.
Құдай сүйіп, қасиет, құт дарытып,
Артына із қалдырған адам өлмес.
... Қыс еді, қар мен мұзы қоса қысқан,
Аязы да ақырған аш арыстан.
Түн ауғанда үйіме келіп түсті,
Жайсыз қонақ алыстан ат арытқан.
Беу-беулеп, жан айқайы шырыл қаққан,
Жолаушым жасырғанмен түрің қашқан.
Аттамай босағадан тұрып қалды,
Артқандай алты атанның жүгін батпан.
-Қарағым, Төкен – деді қарт қонағым,
Көкесін көріп келдім масқараның.
Жетпіс асқан шағымда жар таянып,
Ат теуіп, асқынып тұр ақсағаным.
Сынық аяқ барады жан шыдатпай,
Жан едім, зыр жүгірген қамшы баспай.
Қарауылда сынықшы бар деп еді,
Қарағым, соған апар, қаңсыратпай!
-Дәрігерге бармайсыз ба, дей алмадым,
(Дәл қазір қарай қояр обалға кім).
Түн ортасы ауғанда Төкен қартты,
Төсегінен тұрғызып амалдадым.
Опырылып сыныпты ортан жілік,
Ат емес әкеткендей арқан жұлып.
Шыңғырған қарт дауысы қатты шықты,
Қанша тағдыр қойғанмен қайсар қылып.
Бұлқынған қарттың шошып айғайынан,
Бұршақ-бұршақ тер шығып маңдайынан.
Сынған жілік сырт етіп түсті орнына,
Сынықшының бал жаққан бармағынан.
«Ух» деп бір шыққандай боп ақтық демі,
Шыраһдандай жарқ етті қарттың көзі.
Төкен ағам жымиып маған қарап,
Қонағың жайбарақат жатсын,-деді.
... Қанша жан қанаттанды осы адамнан,
Ата-тек бабасынан бата қонған.
Аллаға серік ертіп керегі жоқ,
Дегенмен дерт жазылмас жасағаннан.
Жасаған да жаратқан көп киені,
Көп киенің пайдасы көп тиеді.
Кешегі өткен Төкеңдей-сынықшыны,
Кейінгі ұрпақ «киелі» деп біледі.
Жаратқаннан жататын қайрат алып,
Кие қонған адамның өлмесі анық.
Төкен ағам кей кезде ойға түссе,
Қуанамын, алғандай олжа тауып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу