Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  103


Автор: Төлеген Жанғалиев

Тазалық туралы сыр

Партияда барсыз ба, бармын балам,
Опасыз басшылары оңдырмаған.
Кешегі Компартия мүшесімін,
Кейінгі ұрпағына қол бұлғаған.
Иә, иә, Ленинді “Баба” дедім,
Данышпан дара дедім, дана дедім.
Бау таққан бақа басты бәтеңкемен,
Жалшыны соңына ерткен жалақ ерін.
Иә, иә, Сталинді “көсем” дедім,
Көсем үшін рас “тост” көтергенім.
Ақ бурки, сұр костюмді сол болмаса,
Гитлерге шоқынып кетер ме едім.
Маркс пен Энгельсті жаттап өстім,
Олардай жалаңаш та, аш та емеспін.
Адалдықтың аңқыған мөрлері бар,
Алқызыл беттерінде партбилеттің.
Қалай ұқса, жас ұрпақ, солай ұқсын,
Компартия көзіндей тазалықтың.
Табалап қылдай кінә таба алды ма,
Тарпаңдасқан жаулары Қонаевтың.
Қоғам мүлкін қолды етпей қасарысқан,
Ел үшін еңбек етіп, ат арытқан.
Кадтежсіз-ақ кәдімгі үйде жатқан,
Кәне тапшы, бір кінә Матаевтан!
Ал, қазір партия көп, парасат жоқ,
Қоғамға беретін аз, алашақ көп.
Балабақша орнына “офис” салып,
Басшылар сарнайды кеп “болашақ” деп.
Ол аңсаған “болашақ” сонда қайда?
Бала өспесе басшылар ай қарай ма?
Жетімдерді түнетіп жер астына,
Жемқор Әкім басады “ал, давайға”.
Таққа талас бар жерде тазалық кем,
Ақыл, ойды арбайтын ала жіппен.
Қара бастың қамы үшін өлуге бар,
Халық ұлы боп жүрген “дана” біткен.
… Ей, заман-ай, есінеп еске алатын,
“Партияда бармын” деп мақтанатын.
Ал, бүгінгі көкіген көп партия,
Шардай қылды жастардың шақша басын.
Қайда апарып соғады соның бәрі,
Соқыр шектей қоғам тұр жарылғалы,
Парасаттың парқы мен нұрын көрем,
Партбилеттің бетінен қолымдағы…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу