Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  75


Автор: Төлеген Жанғалиев

ДАЛАМЕН ҮНДЕСУ

Денің сырқат, болған соң денең жара,
Кеңдігіңді қайтейін, керең дала,
Азып, тозып барады ақ дүние,
Кетіріп сенен қадір, менен баға!
Жүйке тозып, жүдеген бұл заманда,
Шыға алмай шындық жатыр шырғалаңда,
Қақ бөлініп кетердей қаңсырайсың,
Бауырыңа тыққан «мысық» тырнағанда!
Тырнағы – у, тынысы – қаза оның,
Жасап жатқан адамның ажал оғын.
Қалдырған белгісіндей тағы соның,
Қасқыр құлақ молалар қара қорым.
Қырық жыл қырсық келіп жамалғанда,
Бода-бода жыладық боп арманда,
Ақжарқылап күн туды, әйтседе әлі,
Арыз тындар құлақ жоқ, амал бар ма?
Запыран құсып, айтқанмен зар жылап та,
Жесір үндер жетпейді сау құлаққа.
Қайтеміз ертең денең қақ бөлініп,
Жер бетін мәңгүрт дүние мәңгі басса!
Айналайын, ақ далам, арман далам,
Тауың да тасың да жоқ бор болмаған,
Көзге қораш, көңілге мұң саласын,
Көтерем боп арыған малдан жаман!
Қырыққан қой сияқты қырат, қырың,
Сені көріп келмей жүр рас күйім.
Сенсіз далам, тұл жетім секілдімін,
Сенсіз көрген қызығым бірақ тиын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу