Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  74


Автор: Төлеген Жанғалиев

Өлі мен өтірік

Мал өріске шығар бетте зират бар,
Мұнда жатыр мұң жамылып қимастар.
Тірілердің тіршілігін байқатып,
Маңайында құр шіриді қурап тал.
Жылын беріп болғаннан соң үй қалап,
Аруаққа аттап баспас бұл қазақ.
Хатым берсе «қатырдым» деп қояды,
Қатты тойған қарындарын ырғап ап.
Өлгендерде өңеш бар ма алданар,
«Тие берсін» дегенменен молдалар.
Аруақтың зиратынан ай ұрлап,
Азған ұрпақ бізден басқа қайда бар?
Бұл сұмдықты бұрын-соңды кім көрді,
Тірілер-ау, қайда қойдың тіл-көзді?
Аруақты қорладық-ау, қорладық,
Жер астында жебеп жатқан біздерді.
Болғандай-ақ, өлі риза, тірі бай,
Аруаққа сиынамыз біз ұдай.
Кетеміз-ау жер астына бір күні,
Кеудемізден көп өтірік құрымай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу