Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  102


Автор: Төлеген Жанғалиев

Күдік

Апыр-ай, мына жазың не дейді өзі,
Бейнетіміз тұр ма әлде көбейгелі?
Құлындар да құрыпты желідегі,
Қозы-лақ та бітіпті көгендегі.
Тал-ағаш тарай алмай жапырақ-шаш,
Тау суы бұрынғыдай тасып ақпас.
Таз кісінің басындай тақыр жерде,
Томпаңдайды саршұнақ топырақ бас.
Қалың өрттей қаптаған құрт-құмырсқа,
Желмен бірге желігіп ысқырысса.
Айдағаны бес ешкі аңғал шопан,
Күдікпенен қарайды күпті қысқа.
Ұрылар шаңқай түсте кілет бұзып,
Жүректі шошытады дір еткізіп.
«Аққоян» жұттың жылын аңғартады,
Сиырлар көкке қарап сүйек мұжып.
Жылан көшіп жып-жылы тұрағынан,
Жылқылар баса алмай жүр тұяғынан.
А, құдай, аман сақта ауылымды,
Мықынына таянған мына жылдан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу