Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  92


Автор: Баян Тіленшина

Күресін қаруы

Күттім сені. Уақыт тоқтады ма?
Жан-жүрегім жылуын жоқтады ма?
Дидарыңды сығалап көру үшін,
Үзер едім кісен мен ноқтаны да.
Жанға батты келем деп кешіккенің,
Әлдиледім өлең-жыр бесіктерін.
Жете алмастан «жа-ным» деп үздіктің бе?
Жаңғырықты құлақта есіткенім
Күттім сені еш іске қолым бармай,
Сен ұрынып, кесірге жолығардай.
Хабар берші. Тағдыр-ау, жазығым не,
Ғашық жүрек осынша торығардай.
Бақыт сенің бейнеңнен жасалған ба?
Күлкі өнер ізіңді басар маңда,
Сенің үнің керек-ақ, сенің нұрың,
Көгілдірдей ақын қыз – осал жанға.
Күттім сені, Тағатсыз, тұра алмадым,
Көп емес, тек сен неге бір алдадың?
Талдан ұшып жапырақ қол бұлғайды,
Қол бұлғайды саған да бір арманың !
Бұл сезімге, кім білсін күлесің бе?
Не тиеді өмірден үлесіңе?
Ең алғашқы пәк сезім жоғалғанда...
Қандай қару табылар Күресінге?
Білесің бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу