Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  106


Автор: Баян Тіленшина

ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 60 ЖЫЛ

Сұм соғыс, тажал соғыс, зәрлі соғыс,
Ананың жоқтауындай зарлы соғыс.
Жап-жасыл тіршілікті қалтыратып,
Үскірік демін шашқан қарлы соғыс.
Соғысу туады екен менмендіктен,
Патшаға бір қара ой келгендіктен.
Жеті қат жер астынан жебірейіл,
Жемтігін жер бетінен көргендіктен.
Сұм соғыс қанқұмардың ермегі ме?!
Соғыстың адамзатқа бермегі не?
Ананың құрсағында өнген тажал,
Өсті екен қалай сәби жөргегінде?
Соғыста 20 миллион өмір өлді!
Әкесіз қанша жетім көңіл өлді?
Адамдар, айтсаңдаршы, жарты жүрек,
Қанша ана әскер күтіп тебіренді!?
Аруана «ақ ботам» деп өтті өмірден,
Ақсақал ұлын сұрап көк тәңірден,
Сол жылы жесір қалған жас келіншек,
Жан-жарын іздей алған жоқ қабірден.
Маңдайға жазса көрді тәңір нені,
Жауынгер аруланып көмілмеді.
«Отан» деп бір жүргендер бір жерленді,
Ұлтына, дініне де бөлінбеді.
Соғыстан қайтпағандар, қайтпағандар,
Арманын еркін ашып айтпағандар.
Сендерге мәңгі тағзым, періштелер!
«Періште емес ол » деп айтпа, адамдар!
Сендердің сыйлықтарың – осы тірлік,
Сендерді айту парыз мәңгі жыр ғып!
Өмірі шейіт болған арман-жастық,
Көңілі көк тіреген қыран бүркіт.
Туған ел еркіндігін аңсағандар,
Сендерден өсіп-өндік қанша адамдар!
Белгісіз қабірдегі бауырларым,
Тыныштық сенің арқаң, таң самалдар.
Сендерге мәңгі құрмет, ардагерім,
Жанынан артық сүйген елін, жерін.
Батырсың атақпен де, атақсыз да,
Той төрі өзіңдікі, төрлет серім!
От кешіп, ауыздықпен су ішкендер,
Оқ тесіп, өмір мәнін біліскендер!
Бір мақсат, бір намысты ту көтерген,
Бірлікті үлгі еткен үрдіс – сендер.
Аман боп алдымда жүр, ағаларым,
Жасаған өмір-өзен сағаларын.
Біз сенің ұрпағыңбыз Жеңіс ата,
Алауды жалғасың боп жаға алармын.
Бәріміз бір Жеңістің баласымыз,
Әр тілді, сары, қоңыр, қарасымыз.
Көктемдей өмір берген, көңіл берген,
Мың жаса, Мамыр атты анашымыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу