19.07.2022
  97


Автор: Баян Тіленшина

НАУРЫЗ ТОЙЫ

Халқымыздың ұлысы,
Уақыттың қылышы,
Қара түнмен жарыста,
Озған шуақ тынысы –
Наурыз тойы.
Қыдыр бабам келген күн,
Жерден сезім өнген күн,
Ескі жылмен қоштасып,
Жаңа жылым енген күн –
Наурыз тойы.
Барқыт – дала керілген,
Құлын босап желіден,
Самарқанның көк тасы,
Қорғасындай еріген –
Наурыз тойы.
Төрт түлігім төлдеген,
Іс жатпайтын көлденең,
Бүршік жарған ағаштар,
Ақ жауынға шөлдеген –
Наурыз тойы.
Күннің тәжі алаулап,
Көк әлемде жалаулап,
Күмбір-күмбір күлгенде,
Күлкі ұшқан тараулап –
Наурыз тойы.
Өкпе-назды кешірген,
Пәк сезімнен есілген,
Алтыбақан тербеліп,
Мәртебемді өсірген –
Наурыз тойы.
Жүрек сырын бөліскен,
Сәлемдесіп көріскен,
Жақсы тілек бағыштап,
Сый-сияпат беріскен –
Наурыз тойы.
Наурыз келген қастермен:
Жеті дәннен ас берген,
Жеті атама бағыштап,
Жеті жұртқа бас берген –
Наурыз тойы.
Тіршіліктің тынысы,
Елдің дәулет, ырысы,
Құтты болсын наурыз той,
Ұлы тойдың ұлысы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу