18.07.2022
  114


Автор: Мұхтар Шерім

“ҮКIМЕТТI ХАЛЫҚ АСЫРАЙДЫ...“

 


Бiреу жын қуғандай, әйелi ұл туғандай, ыржалақтап кiрiп келдi.
— Мыжбан ағай, сiз боласыз ба?- деп сұрады.
— Иә.
— Бұл “Жағымпаз“ газетi ғой!
— Иә.
— Көркем шығарма жазып әкелiп едiм.
— Тақырыбы?
— Тақырыбы— “Тайға таңба басқандай“
— Мазмұны?
— Түрмеден зектер қашқандай...
— Идеясы?
— Шенеунiктер сасқандай.
— Бiз көркем дүниенi баспайтын едiк. Алматыға “Қазақ әдебиетiне“ жiберсеңiз қайтедi?
— Ол жаққа да жiбердiм. “Жас алашқа“ да жiбердiм. Ендi сiзге келдiм.
— Жарайды, не деп аталады?
— Айтуға оңай, тез жатталады.
— Иә, қалай аталған?
— “Үкiметтi халық асырайды“.
— Қызық екен.
— Қазiргi жазушылар қағаздың соры, роман болсын, әңгiме-повестерi болсын, айтайын деген ойларын, авторлық идеяларын күнi бұрын хабарлап қояды. Не айтқысы келетiнiн бiлiп қоясың да, кiтапты жаба саласың. Ал, менiң әңгiмем мүлде басқа. Стильмен жазылған.
— Атың?
— Тоқсан тоғыз.
— Фамилияң?
— Шариков.
— Тоқсан тоғыз Шариков. Естiмеген авторым. Сiз бұрын жазушы ма едiңiз?
— Иә, мектепте есеп шығардым, әлiппеден әрiптер көшiрдiм.
Мен ыржалақтап отырған авторға бiр қарап, ол ұсынған қалың дәптерге бiр

қарап, ақырында парақтап отырып, оқи бастадым.
Дәптердiң басына:
“Үкiметтi халық асырайды!“-деп үлкен әрiптермен жазыпты. Ар ықарай былай жазылған. Бiрiншi тарау:
Үкiмет: — !
Халық: —?
Үкiмет: — !
Халық: — ? Үкiмет: — !!!
Халық: — ???
Үкiмет: — !!!
Халық: — ???
Мұнысы несi? Ыржалақтаған авторға аңтарыла қарадым.
— Бұл не?-деп сұрадым мен.
— Екi бөлiмдi спектакль жаздым.
— Спектакльдi емес, пьесаны жазады.
— Иә, көркем шығарма, әрi пьеса!
— Көкем-ау, мұндай пьеса болмайды! Леп белгi, Сұрау белгi... Түсiнбедiм!
— Мiне, мәселенiң түйiнi осында! Көркем шығарманы жұмбақтап жазу керек! Оқырманның өзi ойлану керек.
— Сонымен, не айтқыңыз келдi?
— Көрiнiп тұр ғой, үкiмет— леп белгi! Неге дейсiң бе? Үкiмет халыққа бұйырып сөйлейдi. Бұйырып сөйлеген соң, сөйлем соңында леп белгнi тұрады ма? Тұрады. Үкiмет ұрандатып сөйлейдi. Бұған да леп белгi керек пе? Керек! Ал халық сұрау белгiлiсi. Ананы да, мынаы да сұрап жүргенi. Халық үкiметтi түсiнбейдi. Сосын сұрай бередi. Ары қарай оқысаңызшы.
Мен ыржалақтап отырған авторды көзiммен шолып өтiп, қағазға үңiлдiм де, өмiрден түңiлдiм.
Екiншi тарау. Үкiмет: —, Халық: —... Үкiмет: —, Халық: —...
— Бұл немене?-деп сұрадым көркем шығарма “классигiне“ сүзiле қарап.
— Не түсiнбейтiнi бар? Үкiмет қайырмасы көп уәде бергiш. Халық үнсiз... Үнсiздiк көп нүктемен белгiленедi. Ағай, мен өлең де жаза аламын. Оқып берейiн бе?
Бiр, екi, үш, төрт, бес, Алты, жетi, сегiз, тоғыз! Он, он бiр, он екi,
Он үш, он төрт, он бес!


О, он алты, он жетi, он сегiз,
Он тоғыз, жиырма, жиырма бiр! Жиырма екi, жиырма үш,

Жиырма төрт, жирыма бес!


Ағай, мен орыс тiлiнде де жазамын. Раз, два, три,
Четыре, пять, шесть! Семь, восемь, девять, Десят, одиннадцать!


Ағай, мен немiсше де өлең жазамын. Аин, свайн, драйн...
— Болды, болды, тоқтаңыз! Сiз менiң уақытымды алып отырсыз!
Кабинетiмнен шығып кетуiңiзге рахмет!
— Сiз менi түсiне алмай отырсыз, Мыжбан мырза! Жындыханадан қашып шыққан бетiм едi. Спектаклiм ұнамады ма? Аты қандай керемет! “Үкiметтi халық асырайды!“ Шынында солай ғой, үкiметтi асырап отырған халық! Егер, халық болмаса, үкiметiң кiмге керек? Менi жұрт жынды дейдi, өздерiң жындысыңдар!
Ол ыржалақтап отыр едi, ашуланған күйi шығып кеттi. Ойланып қалдым. Жындының сандырағында шындық жатқан сияқты. Қайырма, көп нүкте... Леп белгi, сұрау белгiсi...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу