18.07.2022
  117


Автор: Мұхтар Шерім

ЕВРОМОЛА...

 


Жігіттердің   қолдарында   күрек,   қабiр   қазып   жатыр.   Шiренiп, миллионер келедi.


Мыжбан: - (шырт түкiрiп) Ей, көрқазушылар, қазып болдыңдар ма? Әпек: - Бiраз жер зақымдалды, қысқасы жақын қалды.


Мыжбан: - (шiренiп шалқая түседi).


Тәпек: - (оның арт жағынан шығып, күректi арқасына тiрей қояды) Кешiрiңiз, Мыжбан мырза...


Мыжбан: - (бұрылмастан) Не iстеп жатырсың-ей?!


Тәпек: - Сiз шалқая түсiп жатырсыз. Құлап кете ме деп, күрекпен тiреп...


Мыжбан: - (қарқылдай күлiп) Мен өмiр бойы шалқайып, мiне былай (талтайып тұра қалады) талтайып өтемiн. Өмiр бойы! Мен кiммiн?


 


Әпек: - Мыжбансыз.


Мыжбан: - Жәй ғана Мыжбан емеспiн! Экс-әкiм, экс-министр, экс-депутат, экс-сенатор Мыжбанмын. Ал, қазiр жасым келiп қалса да, миллионер Мыжбанмын! Ұқтыңдар ма?


Әпек: (иiлiп) Әмiрiңiзге құлдық, Мыжбан мырза!


Мыжбан: - Сендердiң қазып жатқандарың менiң қабiрiм! Менiң молам! Тәпек: - Сонда... Сонда қашан өлесiз, Мыжбан мырза?


Мыжбан: - (оны түйiп жiберiп) Немене, менi өлтiре алмай жүрмiсiң? Тәпек: - Жоға... Қабiр қаздырып жатқаныңызға қарағанда...


Мыжбан: - Ертеңiн ойламаған ерден без деген. (Пистолетiн суырып алады) Менi атып кетейiн деп жүргендер полно. Может ертең, может бүгiн. Откуда я знаю! Бог знает!


Әпек: (темекi шегiп отырады) Әлi жассыз...


Мыжбан: - Әрине, жас көрiнемiн. Жетi әйелiм бар, Бәрi он сегiзде! Өзiм небәрi алпыс бiр жарым жасқа келдiм! Санчо!


(Оққағары жетiп келедi)


Саняо: - Не бұйырасыз, мырзам?


Мыжбан: - Жiгiттер, мына Санчо... Иә, иә, Санчо кличкасы ғой, шын аты Жапалақ. Санчо сiздерге евроқабiрдiң, евромоланың проектiсiн бередi. Компьютерден шығарғанын бершi.


(Санчо төс қалтасынан ақ қағаздар шығарады)


Мыжбан: - Берi келiңдер, қараңдар! Менiң қабiрiм жәй ғана төмпешiк емес, менiң қабiрiм жәй ғана қоршау емес, евро болуы керек, евро! Жер үстiндегiсi де, жер астындағысы да!


Санчо: - Алдымен жердiң астын түсiндiрейiн бе, мырзам? Мыжбан: - Түсiндiр мына маймылдарға!


Әпек: - Алдымен келiскен ақшаны...


Мыжбан: - Ақшадан өлдiң бе? Сүмелек! Ублюдок! (Жүз доллар бередi).


Мә жүз доллар! Ертең үш жүз доллардан беремiн.


Әпек: - (долларды қарап) Өмiрiмде бiрiншi рет долларды көрдiм.


Тәпек: - Маған бершi, мен де көрейiн. Мына ортасындағы шал Карл Маркске ұқсамайды ғой.


Әпек: - Сауатсыз! Топас! Бұл Карл Маркс емес қой! Тәпек: - Ендi кiм?


Әпек: - Бұл ма? Бұл... Бұл ма? Маркс Карл. Сен айтқандай Карл Маркс емес.


Санчо: - Жiгiттер, берi қараңдар! Мынау көрдiң жобасы. Қала имамы бекiтiп, қолын қойып, мөрiн басқан. Мына жер Мыжекеңнiң жататын бөлмесi. Төбесi шибокартонмен әспеттеледi, еденi граниттен. Қабырғалары қызыл түстi “дождикпен” сыланады. Келесi бөлме теледидар көрiп, демалатын бөлмесi. Екi бөлменiң терезесi турецкий металлопластиктен! “Венхауз” деп аталады.


Мыжбан: - Сендер китайский “Кончик” деп аталатын арзан метталлопластиктен қойып жүрмеңдер. Күнге сарғайып кетедi.


Әпек: - Қабiрдiң астына күн түспейдi ғой...


 


Мыжбан: - (жақтырмай) Өшiр үнiңдi! Төбеде люстаралар, әжетхана, асхана


- бәрi болады.


Әпек: - Сонда сiз өлмейсiз бе?


Мыжбан: - Случайно өлiп қалсам деп күнi бұрын қабiрiмдi қаздырып жатырмын! Ерекше еврожобамен!


Әпек: - Өлген адамға теледидар, асхана, әжетхананың керегi не?


Мыжбан: - Топас! Имам айтқан, о дүниеде екiншi өмiр басталады деп. Теледидарсыз iшiм пыспайды ма? Антеннасы, иә спутниковый антеннасын жер үстiндегi жобада тұрғызамын!


Әпек: - Қызық екен...


Санчо: - Мына бiр қабiрге қараңызшы! Соседкаңыз бар көрiнедi. (оқи бастайды) Қабiрiне не деп жазып қойған, оқиыншы. “Қатипаш Қатқанбаева Жұмсақбайқызы 1966 ж. 12.11 - 2007.01.09. О бейшара, свежий өлiк екен ғой”.


Мыжбан: - Сонымен не айтпақшысыз?


Санчо: - (күмiлжiп) Iшiңiз пысқанда, Қатипштың қабiрiне өтiп, қырындап дегендей...


Мыжбан: - Дұрыс айтасың! Көршi қабiрге баратын есiк алюминовый болсын! Видеонаблюдение болсын! Соткамды бiрге көмiду ұмытпаңдар! Жер бетiндегi жесiрлерiммен хабарласып тұрамын ғой. Менде актив таусылып қалуы мүмкiн. Сондықтан, тек “торпедо” тастап отырамын!


Әпек: - Қабiрiңiзге есектей ит ұстамайсыз ба?


Мыжбан: - Өшiр үнiңдi! Маған ақыл үйретпе! МЫна қабiрге түс! Әпек: - Неге?


Мыжбан: - Түсiп жата қал!


(Әпек қабiрге түсiп, көлденең жатады)


Санчо: - Сәл тарлау қазып қойған сияқты.


Мыжбан: - Әй, сендер қабiрдi “времянка” сияқты қазыпсыңдар ғой!


Қаншада, қанша өзi?


Әпек: (жатқан бойы) Көлденеңнен 8 метр, ұзынынан 10 метр. Мыжбан: - Тағы қос! Мен үшiн жер жетедi.


Тәпек: - Кейiн жесiрлерiңiз өлгенде, қасыңызға қатар көмгенге жақсы дейсiз ғойт, иә? (ыржалақтап күледi)


Мыжбан: Ублюдок! Осы жерде ата салайын ба? (Пистолетiн кезенедi)ү


Тәпек: - (дiрiлдеп) Ке-кешiрiңiз, пистолетiңiздiң iшiнде оғы бар ма? Атылып кетедi ғой. Көр қазып, нәпақа тауып жүрген бiз бейшараларға тиiсе бармаңыз!


Әпек: - (орнынан тұрып) Тәпек, жүр кеттiк! Тәпек: - Қайда?


Әпек: - Кетемiз.


Мыжбан: - (алдынан шығып) Черт возми. сендер не, бунтовать хотите?


әпек: - Төрт жүз доллар аз. Евроқабiр болған соң тағы қоспасаңыз, кетемiз.


Келiспеймiз.


Мыжбан: - Қанша?


Әпек: - Жер үстiндегi қабiрiңiздi кiрпiштен тұрғызамыз ба?


 


Мыжбан: - Әрине, үш қабаттан, төбесi күмбез, терезелер пластик, жиектерi аликобонд!


Әпек: - Сегiз мың доллар бересiз. Мыжбан: - Слишком не жирно? Тәпек: - Өзiңiз бiлiңiз, бiз кетемiз.


Санчо: - Жiгiттер, сәл түссеңдершi? Әпек: - Жарайды, бес мың доллар. Мыжбан: - Келiстiк.


(олар қол алысып жатқанда, алыстан мылтық атылып, Мыжбан уақытша қоршап қойған қабiрдiң шетiне құлап түседi. Оққағары пистолетiн сурып алып, бейберекет атып, бiреулердi қуа жөнеледi. “Джиптiң” кеткен даусы естiледi.)


Әпек: - Бәлесiнен аулақ! Қашайық! Кеттiк! Евроқабiр де, өзi де құрысын! Тәпек: - Көмiп кетпеймiз бе?


Әпек: - Ойбай, жаназасын шығарар туыстары , полиция келсе куә болып, ығырымызды шығарады.


Мыжбан: - (қолын созып) Су...


Әпек: - (үңiлiп) Жаралы ма деймiн? (күрiшкемен су бередi), Мә, атауыңды iш!


Мыжбан: (қолын созып) Колбаса...


Тәпек: - О, жалмауыз, әбден жеп үйренген ғой. Өлiп бара жатып колбаса дейдi!


Әпек: - Кеттiк деймiн!


(Екеуi қаша жөнеледi. Оққағары қайта келедi)


Санчо: - (Мыжбанның басын көтерiп) Өлмешi, мырзам, сiз өлуге тиiстi емессiз! Қашып кеттi оңбағандар! Тапсырыс берген Орлик емес пе?


Мыжбан: - (ыңқылдап) Сөзiмдi тыңда! Сен бiлетiн жердегi жетi килограмм алтынды жетiмдер интернатына өткiз. Атым қалсын, жесiрлерiмнiң бәрiне өзiң үйленiп ал. Ойбай, өлiп барамын! Е-евроқабiрдi аяқта!


(Ол сылқ етiп өлiп кетедi).


Санчо: - (кекетiп) Өлгенiң жақсы болды! Алтын тек өзiме қалады! Мен сенi туыстарыңа апарайын, Мыжбан мырза! (сүйрейдi). Түу, зiлдейiн-ай! (пистолетiн суырып) Жаралы болса тiрiлiп кетуi мүмкiн, тағы бiр оқ жiберейiншi... (Атады) О, ублюдок! Евроқабiрдi түсiңде көресiң ендi!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу