Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  67


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Олқының орны тола ма...

Олқының орны тола ма,
Сүннетсіз парыз бола ма?
Көрсетпей жұртқа күнә қып,
Садақа бермей дұға қып,
Бір қарап, екі шоқыған,
Дәретсіз намаз оқыған
Ойлашы, түбі оңа ма?!
Пайданың көзін білгендер,
Қанағат қылмай жүргендер
Пәлені көрсе қашатын,
Азанда ауыз бекітіп,
Кеш түсе ауыз ашатын
Кісімен қоңсы қона ма?!
Өсегін айтқан қоймаса,
Нәпсісін ғана ойласа,
Жүректе шыққан жауқазын
Көктемей жатып сола ма?!
Айналып басы шәрбаттан,
Тірлікте, сірә, қана ма?!
Не болар айтқан жан-жақтан,
Түспесе сәуле санаға,
Асырып жұрттан айласын,
Өліктен тапқан пайдасы
Өзін де бір күн сүйретіп
Әкеледі ғой молаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу