Өлеңдер ✍️

  14.07.2022
  90


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Пенде бар ма фәниде мәңгі қалар...

Пенде бар ма фәниде мәңгі қалар,
Қазған ордан өте ме қарғып адам?
Шөп секілді киімге жабысатын
Жақсыларды жамандар аңдып алар.
Ескерткіштің бетіне таңба салып,
Ойда жоқта кетіпті қарға саңғып.
Төңірегін еріксіз былғамай ма
Тірі жәндік қойсаң да торға салып.
Ісіміз көп, әйтеуір, келіспеген,
Адамдар аз қылығың теріс деген.
Аквариумнан балықты алу оңай,
Ау, қармақсыз, жай ғана шөмішпенен.
Жайнап тұрса бөлмеде жасанды гүл,
Алдар дейсің көзіңді қашанғы бұл?
Нағыз гүлдің ғұмыры қысқа болса,
Қайғыменен өтер ме Асан-ғұмыр.
Ақиқат пен өтірік салғыласып,
Иықтағы басыңды жарға ұрасың.
Қорқыт баба секілді болар істен
Құтыласың шынында қайда қашып?
Бірте-бірте өмірде кіреді есің,
Жаяу жүрген кісіні кім елесін.
Тайбурылдың үстінде отырғандай,
Қобыланды батырдай шіренесің.
Күздің күні сарғайған ормандайсың,
Алдаркөсе секілді байды алдайсың.
Үйге түскен ұрылар мүлік таппас
Қожанасыр секілді сормаңдайсың.
Қалдырам деп көп жүктің жолда қайсың,
Абай-сынды қартайып, қайғы ойлайсың.
Тілін алсаң кей кезде періштенің,
Шайтанға еріп кей кезде ойбайлайсың.
Кейде достық көресің, кейде қастық,
Бірде жалшы боласың, бірде бастық.
«Бері жүріп, әрі отыр, мұнда жат?» – деп
Жазып қойған заң бар ма бұлжымас қып?
Талай күнім босқа өтті желікпенен,
Болған шығар кездерім еліктеген.
Бабам мен атам тартқан мехнаттың
Бұйырғанын мен-дағы көріп келем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу