Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  69


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Керегеңде кез таңба тұр кертілген...

Керегеңде кез таңба тұр кертілген.
Көкіректе күмбір қаққан ұлы арман,
Зердеңді бұр зейініңе құй құмарлан.
Баба жолын іздер болсақ іздейік,
Қыран қонып құлжа құлар құздардан.
Шөбің шүйгін, құмың құмбыл құмаршық,
Жанарыңда мөлт-мөлт етіп моншақ тұнар шық.
Көз алдымда көш керуені әлемнің,
Көне дәуір бара жатыр мұнартып.
Қына басқан тас кітабын бабамның,
Тарих-дана алар түбі бір аршып.
Сары адырда сағаналы сартастам,
Сына таңба құпиясын қайта ашқан.
Құлыптаста құлыпталған құжаттар,
Жатыр қанша берен ерлер марқасқаң.
Сырын ұқсаң шежірені шежімдеп,
Ерлік,өрлік аңыз етер елің бек.
Қоңыраулы керуен көшіп санамда,
Баба рухы бас иетін кезім көп.
Тағдыр-талас тартса да алдан қатал сын,
Азат таң боп аймағыма атарсың.
0,Махамбет , адуын жыр, әз баба,
Ұрпақтарың ерлігіңнен от алсын.
Уақытпен табар болсақ үйлесім,
Жанымызға жақұт шаншар нұрлы есім.
Баба, бір сәт аялдатпай кейінге,
Тұлпар жылдар тартып келед күймесін.
Тұлпар жырдың түйіп кекіл тұмарын,
Төкпеледім тілдің безеп құмарын.
Тамшы ойымды теңізіне қосайын,
Рухыңа басымды иіп қыраным.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу