Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  87


Автор: Рахмет Аяпбергенұлы

Түпқараған

Түпқараған!
Жаратқан туған жер ғып хақ тағадлам.
«Ер туған жерінде» деп бабам айтқан.
Қалай мен басқа жерден бақ таба алам?!
Түпқараған!
Сен десе жүрек соққан жұп барабан.
Ардагер мұнда қанша қарттарым бар,
Майданнан аман келген оқ бораған.
Түпқараған!
Бұл сөзді қоштар әке, құптар анам.
Ісі де, түр-түсі де айнымаған,
Өзімнің бауырымдай тіпті әр адам.
Түпқараған!
Әр тасы жыр-дауылдай от қамаған
Атақты Мұрын-жырау бір тұяғы,
Бұлбұлдар жезтаңдайлы өтті арадан...
Түпқараған!
Өзіңдей кенді өлкеме мақтана алам.
Түсінем қара маржан пәк жаныңды,
Ісімен айқындалар ақ, қара адам.
Түпқараған!
Аспанға мұнарасы тік қараған.
Көзіме бұрғышыдай әр биігің,
Төсіне туған жердің нық қадаған.
Түпқараған!
Жарылған мықты әкеден, мықты анадан
Алшекеңдей шежіре тақтақ адам.
Жүйріктер елден ерек шықты арадан.
Түпқараған!
Көркіне қызығумен жат қараған.
Сол ыстық құшағыңнан кетсем болды,
Сен менің сағынышым хатқа ораған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу