Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  124


Автор: Жасұлан СЕРІК

Мұғалима апайым

Сұлулар көп ақынға жыр жаздырған,
Күлкісімен жігіттерді мәз қылған.
Шабаздардың бірі едік жарықтық,
Қыз біткеннің дарбазасын тоздырған.
Дәу де болсақ ойнап жүріп ләңгімен,
Қап-қара боп жазда талай қаңғып ем.
Қыркүйекте біз келгенде мектепте,
Жас мұғалім көбейіпті, ал, кілең.
Сол апайлар сұлу еді шынымен,
Біраз уақыт беймаза боп жүріп ем.
Жаңа келген мұғалима апайлар,
Әй, жарықтық, бірі өтеді бірінен.
Әрбір таңым апайды ойлап атса нақ,
Қызғанғаннан жанарымнан жас тамад.
Жүруші едім амандасса мектепте,
Ауыз сөзін жүрекке нұр, бақ санап.
Басын ашып алғандай-ақ бір істің,
Сезімімді өлеңіммен ұғыстым.
Келгеннен соң отыра қап мен бірден,
Ғашығыма жыр жазуға кірістім.
Сол шақ шабыт өрге қарай өрлеген,
Жырым шықты сөздеріммен зерлеген.
«Сүйдім, күйдім», – деп басталған өлеңім,
Аяқталды: «Үйленеміз», – деуменен.
Түскеннен соң өмір атты сүрлеуге,
Фәни бізге барлық жүгін теңдеуде.
Айлар өтті, жылдар өтті қас қағым,
Жігіт болдық сөзі мығым, өр кеуде.
Ғашық болсаң күйімді бұл ұғар ең,
Әдемілік, сұлулыққа құмар ем.
Сол кездегі өлеңімді бір оқып,
Өзіме өзім таң қалғанмын мына мен.
Бір өркендеп өсіп келем заманмен,
Ол дегенде қалмайтындай алар дем.
Басына бақ, жүрегіне жылылық,
Есейген соң тілеп едім оған мен.
Бала көңіл дала кезіп сандалған,
Шабыт алдым қиялдағы арманнан.
Менің алғаш сүю жайлы жырларым,
Мұғалима апайыма арналған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу