Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  84


Автор: Ғали Орманов

Жөнелер кезі келгенде

Жөнелер кезі келгенде
Өксіді сонша ол қатты.
Бұлқынып жүрек кеудемде
Мені де қоса толғантты.
Жанымыз бірге деген сөз
Жайына қалды неліктен?
Жұбанып жоққа əлде біз
Жүрдік пе албырт желікпен?
Жаным да жарым сен десіп,
Жас едік жат ой білмеген,
Көңілше күнде бірге өсіп,
Алып ек ылғи бірге дем.
Қамықпай қалай қимақпыз
Айрылып енді кеткенге?
Құлазып қайда сыймақпыз,
Хабарсыз, алыс, жат жерде?
Осыны ойлап тұрды ма ол,
Кеудесі толып арманға,
Қозғады қатты мені де ол,
Жаудырай көзі шалғанда.
Мөлдіреп тұрған қос моншақ
Жасы ма, шіркін, білмедім.
Білуге, жұрттан жасқаншақ
Жылдарым еді бұл менің...
Жалына сонда қараған
Жанары əлі қинайды.
Шымырлап сол бір жанардан,
Кеудеме жүрек сыймайды!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу