Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  108


Автор: Ғали Орманов

ШАБЫТ СƏТТЕРІ

Шіркін-ай, өлең келді, өлең келді!
Ұйқымды өлең тынбай бөлер енді.
Шабыт жоқ, шаршауы көп мезгілдерім
Тоқтатар жылы жауып бөлегенді.
Төсекке тыныштықпен сыймас өлең,
Жатпайын, өлеңдерім қимаса, мен.
Осылай келе берсе алдыма олар,
Айнымай мен де өмірі сыйласар ем.
Амал не, кейде өлеңдер кетеді айнып.
Көбіне шошытамын өзім лəйліп.
Қорғалап көкіректе қалады ұзақ
Көрсетпей қарасын да нелер байлық!..
Ойланып көп жүремін, көп іздеймін.
Өңкиген олар жоқта өгіздеймін.
Кенет бір өлең құсы оралғанда,
Ақыным, шаршадың ба дегізбеймін.
Шығамын шырқап дереу қағып қанат.
Шіркін-ай, неткен бақыт сол бір сағат!
Өлеңдер үсті-үстіне құйылады
Таптырмай көңіліңе сабыр, тағат.
Білмеймін, басыңда бұл қанша жүрер?
Жайың жоқ ол барында шаршадым дер.
Сілтейсің қаламыңды қажу білмей,
Секілді қабақ шытпас жан-себілдер...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу