Өлеңдер ✍️

  12.07.2022
  91


Автор: Ғали Орманов

ӨРІСТЕ

Көксеңгір бауры кең жазық,
Жайылған ендеп көрем қой.
Сапарда саған жол азық –
Сарқылмас солар өлең ғой.
Өрістер жайы, мал қамы
Малшыға дəйім өнер ғой.
Мақсұтына ұқсас алдағы
Мəнісі сонша терең ғой.
Түседі көзің шопанға,
Көгалға қойын шүйгізген.
Өрісте жүріп, Отанға
Ұдайы көмек тигізген.
Қолында соның ен байлық,
Алдынан түлік көп өрген.
Тағы да қойы молайып,
Тобына қаулап төл ерген.
Қарайсың соған сəл тоқтап,
Жырыңа желі тапқандай.
Алдында жатыр қой қаптап,
Көгінде шырқап бозторғай.
Бұлдырап биік Көксеңгір
Қарайды шырқау төбеңнен.
Көктемде солай осы өңір
Алады қарсы өлеңмен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу