Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  88


Автор: Ғали Орманов

ЖАН СЫРЫ

Ауырып аяқ, қолым неше күндей,
Аунақшып жаттым үйде көтерілмей.
Көрінді өз төсегім өзіме жат
Қолайсыз қонақ үйдің төсегіндей.
Ақыры маза бермей ойлар маған,
Əсем күй секілденді ойды арбаған.
Қосылып дүрмегіне кеттім кенет,
Кезіндей болмайын деп той тарқаған.
Достарым, өлең солай туады екен,
Көңілден көлеңкені қуады екен.
Жазылып кеттім дерттен сол келген соң,
Жазғанның жүрген жері дуалы екен!
Қазір мен сырқамаймын, ауырмаймын.
Жұп-жұмыр шырын піскен қауындаймын.
Кеудеме күй толтырып қойғанға ұқсас,
Қол тиіп қозғап кетсе, сауылдаймын.
Ұмыттым ұйқыны да, дамылды да,
Маңымнан естімеймін дабырды да.
Өзге бір дүниеден есік ашып,
Кеткендей араласып жаным дуға!
Адамдай ала қызған соған асық,
Үніне елеңдеймін құлақ асып.
Ұйқымнан өлеңімді қызғанғандай,
Кетемін төсегімнен тұра қашып.
Қағазға солар түгел төгілгенше,
Отырам көкжиегі сөгілгенше...
Мені бір мəжнүнге ұқсатар ең,
Күндегі сол жайымды көзің көрсе.
Өкпе ғып, елп етпеймін оған бірақ,
Алдымда сылдырап тұр өлең-бұлақ.
Жанымды жақсы əуезі тербеткендей,
Түремін жалғыз ғана соған құлақ.
Жатсам да дамылдауға таңға жақын,
Жəне бір қызығым бар таң қалатын:
Оянам е дегенше ұйқым қанып,
Құйғандай əлдененің жан лəззəтін!
Тəрізі, тағдырым бір осы өлеңмен,
Ол келсе-ақ, шалыс баспай, төселем мен...
Қойдым ба сыр айтам деп, шынымды айтып,
Онымды, оқыс болса, кеше гөр сен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу