Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  78


Автор: Ғали Орманов

Жүрсе де ойым ұзақ төмен бұғып...

Жүрсе де ойым ұзақ төмен бұғып,
Өзіме қарамаппын терең ұғып.
Бояуым түгел оңып ағарғанда,
Қалды екен қай жеріме өлең жұғып?
Əйтеуір сілкінсе тек көне денем,
Сауылдап төгіледі өлең менен.
Жүрегім жылдар бойы жылы сақтап
Бар ма екен əлде несі көнермеген?
Немесе көңілі ме елдің қадір тұтқан,
Қымс етсе ақыным деп үміт артқан?
Əлде бұл заманымның қуаты ма,
Жыр болып жүрегіме мəңгі жұққан?
Қалжасы қанша екен деп бағып сырттан,
Қарайлап мені іздеген таныс жұрттан –
Енді сол жел ауыздар не дер екен
Қарайтын не шығар деп осы қарттан?
Мен бірақ оған бола етпен өкпе,
Терлерін төге берсін мейлі текке...
Жанымның жарық күнін сезем өзім,
Сəулесін құйып тұрған көкірекке.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу