Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  2280


Автор: Ғали Орманов

ХИМИЯ ҚОЛЫ

Ғажайып нəрсе химия,
Тұңғиық сыры əр алуан.
Жоғалып бір зат зым-зия,
Жаңалап бірі жаралған.
Табиғат төрі кең майдан
Дамылсыз солар ауысқан.
Жанасып кейі қай-қайдан
Жаңа бір затпен қауысқан.
Өмірдің бірақ керегін
Осылар тауып берер ме?
Табар ма ешкім дерегін,
Телмірмей сірə тереңге?
Адамның ақыл, өнері
Аударса соған бар күшін,
Ақтарып ғылым тереді
Көмескі нелер алысын.
Осыған дəйім кенелген,
Өнерлі елдің күші артар.
Химия қолы береген –
Дəулеттің кілтін ұстатар.
Топырақ соған тоғайып,
Құлпыра жылда көркейер.
Береке тола жер байып,
Жарылқар жомарт өлкелер.
Өнерлі қолдар өсірген
Кенелтер жібек-бүлдеге.
Табылса солай несібең,
Толқытпас сені бұл неге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу