Өлеңдер ✍️

  11.07.2022
  88


Автор: Ғали Орманов

КІЛТ ИЕСІ

Биіктеп мұнар, сағымнан,
Бұлдырап түгел аумағы,
Көрінді кенет алдымнан
Тобылдың жаңа таулары.
Жапаның қайта жаралған
Ертегі бұл бір кез бе екен?
Өрнектер тартып сан алуан,
Өңірін кімдер өзгерткен?
Ойымды орап осылар,
Қарадым келіп қабақтан:
Сықаған түрлі асылдар
Қойманы көрдім кең жатқан.
Тереңі толы қоңыр тас
Қайнасып біткен көптен бір.
Тұрысы түгел тұп-тұтас
Секілді шойын, сом темір...
Қаруы қауырт машина,
Адамдар көрдім кен бұзған.
Қарайлай бердім қасында,
Ала алмай көзді сол құздан.
Жатыпты соны Сарыбай
Жамбасқа дəйім төсеніп;
Өтіпті бірақ жарымай,
Желкелеп ылғи мешеулік...
Шертеді соны жас маман –
Қожамқұл қарттың кенже ұлы.
Жерінің кілтін ұстаған
Қожайын деп біл сен мұны!
Қалыңдап жапқан ғасырлар
Ашылып жатыр қабаттар;
Ақтарып жатыр асыға
Алдыңда орыс, қазақтар.
Қаласа, таулар орнатқан
Қажымас ерлер өңшең бұл!
Өнерін түзді маздатқан
Жырлармын талмай, жетсе өмір...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу