11.07.2022
  113


Автор: Ғафу Қайырбеков

АҚСОРДАҒЫ СЕЛО

І
Ойлап көрсек, балалар,
Жылдар өтті бұған көп.
Жасы үлкендер шамалар,
Онда өзім туғам жоқ.
Бірақ нендей уақыйға
Болды қай жыл, қай күні
Тарих дайын оқуға,
Алда кітап жаюлы.
Туған елдің ертеде
Бастан өткен өмірін,
Оқуға да, зерттеуге
Соқса зауқың, көңілің,
Талай қызық табасың,
Кəдімгі дос кітаптан.
Əр уақыйға арнасы
Өз алдына жыр жатқан.
Оқып алған бір тарих
Есімде ылғый жүретін.
Бермек едім жыр жазып,
Келді соған ретім.
ІІ
Білесің бе, жас достым,
Көш дегеннің не екенін?
«Жаз да көштім, қыс көштім,
Мəлімсіз боп мекенім,
Жарғақ құлақ үйренді
Шыйқылына арбаның.
Жалғыз қоспақ түйемді,
Көше беруге арнадым,
Дос дегенде серігім,
Мал дегенде бар малым,
Кезек шалып жол шетін
Аяңдай бер жануарым!»
Деген əнді сен, сірə,
Жоқ шығар-ау естуің?
Түр байқасаң, осында
Көне тарих, ескі күн!
«Қөш бойындай алыста»
Деген сөзде сыр жатыр.
Қазақ көші бір басқа
Жай көшуден – біл, батыр!
Бүкіл əулет ел болып,
Жапыра жасыл төскейді.
Айлық жолдан жер шолып,
Қоспақ нарға қос теңді
Артып алып, жылқыны
Алға салып құрықтап,
Жол бойында кей түні
Ат үстінде ұйықтап,
Ата-баба көшіпті
Қоныс іздеп ай сайын.
Арбап көзді, көп жұртты
Қырда жатты көк сағым –
Көк орай шалғын шөп болып,
Көкала толқын су болып.
Жетіп келсе,– жоқ болып –
Бұлтқа ұласқан бу болып.
Осылай көңіл алдаған,
Осылай басқан жүрегін.
Бармаған жері қалмаған
Табаны тесік түйенің.
Осылай көштің мəнісі
Тарихтың сырын қозғасақ.
Көбірек шолдық алысты, –
Кетейік өзге сөз бастап.
III
Қазақта жақсы бір адам
Бойына жыйып күш-білім,
Ең алғаш журнал шығарған
Шашуға білім ұшқынын.
Ол кезде біздің далада
Білімді адам аз-ақ тым.
Баласы сирек калада
Қалың ел, жалпақ қазақтың.
Небəрі елу шақырым
Тұрып-ақ жақын тақалып.
Қаланы көрмей ақыры
Кетіпті кей жан қартайып.
Келсе де бірі зəуқайыр,
Зор үйді көріп қаладан,
Зорға деп, басы шалқайып
Тымағын басып қараған.
Сол кезде əлгі жақсы адам
Журналын басып, таратқан.
Алғашқы сөзін бастаған
Білімнен, шəкірт, сабақтан.
«Қараңғы қазақ көгінде»
Жұлдыздар жарык шашсын – деп,
Жауқасын, сəби-өмірлер
Есігін мектеп ашсын! – деп,
Теңдіксіз келген талай жыл
Анамыз алға бассын, – деп,
Білімді ана ала біл,
Жақсы боп өссін жас түлек!»
Деген арман, мақсатты
Мəселе қылып көтерген.
Жалаудай болып жақсы аты
Көрінген алыс өлкеден.
Қазақтың қызы қара шаш
Хат жазған оны мақұлдап.
Шаттығы, мұңы аралас
Бас изеген қарт тыңдап.
«Жетеді жерің кең байтақ,
Қала сал, соған қоныстан.
Өнеге үйрен, үлгі тап
Өнерлі аға Орыстан.
Бола алмас мекен лашық,
Еңсесі зор халыққа,
Ас па айран бір қасық,
Ырысы мол халыққа?
Торқадай қара топырақ
Жатқан жоқ па дəн аңсап?
Көмір тауып, отын жақ,
Азықты жыйна, егін сап.
Алтынды алшы уыстап,
Аяқтың асты ен байлық.
Еңбекпен адал тыныстап
Енжарлықтан сен де айық!»
Деп жазды ол халыққа,
Түсініп үгіт бағасын.
Көз жіберсең тарихқа
Оны содан табасың...
IV
Ақсордың басы бір думан,
Ақсордың басы ұлы еңбек.
Бала да шаға жыйылған
«Шығар екен кім ерлеп!»
Дейтін емес бəсеке,
Басталды бір ортақ іс.
Қыздар да жүр жас ерке,
Бар ағайын, бар таныс.
Түрініпті білегін,
Ағаш жонған, жер қазған.
Жыйнап ауыл күрегін,
Бастапты істі ел жаздан.
Тас үйілген ортаға,
Арық қазған жүлгелеп.
Суға таяу жалтаңға
Кесек құйған бір бөлек.
Анадайдан үн қатқан
Ұста дүкен көрігі.
Қайнаған іс бір жатқан
Ақсордық бұл өңірі.
Құм тасыған көп адам,
Лай құйған қаншама!
Ағаш алып арбадан,
Қыз-жігіттер əн сала.
Апарады шеберге,
Есік, көсік, терезе,
Болып дайын əй-демде,
Қаланады кереге.
Өлшеп енін, ұзынын
Болашақ бір көшенің,
Салмақ үйдің тізімін,
Құйған кесеқ есебін.
Алып, нұсқап біреу жүр,
Қалаша өзі киінген.
«Не ғажапты білер бұл!»
Деседі жұрт сүйінген.
Дəл осы бір қарқынмен,
Дəл осы бір күреспен,
Осы ұйымшыл қалпымен
Іскер білек бірлескен
Өтті жаздың үш айы, –
Сарша тамыз, шілдесі.
Оңтүстікке құс тайды,
Келіп күздің сұр кеші.
V
Десе, нанар қандай жан:
«Кеше тақыр жер осы».
Ақ үйлері шаңкайған
Тұр Ақсордың селосы.
Мектебі тұр дəл баста
Жауып көше иегін.
Сабағына алғашқы
Баласының біреуін
Келе жатыр жетектеп
Осы село ұстасы.
Мерекелі сəн мектеп –
Білім басы, іс басы,
Кызыл жалау көтеріп,
Қол бұлғайды далаға.
Үйден-үйге жылт беріп
Томпаңдаған балаға.
Маңдайына əр үйдің
Тулар толқып қонды кеп.
Октябрьге дəл бүгін
Он жыл аттай толды – деп,
Баяндайды ұрандар
Анық айқын жазылған.
Үн қосқандай бұған дəл
Жаңғырады жазық маң.
Тұр бір адам. Үйінің
Төбесінде ерке күн.
Жұқа желең киімнің
Жел серпиді етегін.
Күлімдейді ол, сəл жүдеу
Жүзіне нұр шағылып.
Көңілінде зор медеу,
Арман тынды, жанды үміт.
Қарады ол күнге де
Кəдімгідей қызығып.
Алыста аппақ бір кеме
Секілденіп жүзді бұлт.
Əшейінде тым биік
Күн төмендеп қалғандай.
Көптен тілек тындырып,
Жақын келген армандай.
Бəлкім, əлде, бұл адам
Кетті ме өсіп, биіктеп?!
Ел көңіліндей тазарған
Төбесінде тұнық көк.
Солай болмақ, ұқ жаным,
Əрқашан да біл парқын:
Арманынан шыққанның
Төбесінде күн жақын!
VI
Өзі кешкен күрестің
Терісе алмай жемісін,
Жұлдызындай бір кештің
Сөнбеймін, деп, ел үшін,
Беймезгілде тап болған
Сырқатының емі үшін –
Келіп жатып аулына
Салдырды сол селоны.
Ұмытар ма қауым да,
Ұмытар ма ел оны,
Ұмытар ма жас сəби
Көзін ашқан біліммен.
Халыққа ізет, досқа сый
Көрсеткен жан – тірілген
Көңілінде көп жұрттың
Жақсы сөзбен, жақсы үнмен,
Сол əдемі тарихтың
Алғы бетін аштым мен.
Кемім болса, кеш мұны,
Толықтырар ел əлі.
Ол адамның есімі
Мұхамеджан Сералин




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу