Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  87


Автор: Ғафу Қайырбеков

ЖЕҢІСТІҢ ҚЫРЫҚ ЖЫЛДЫҒЫНА

Қырық жыл – менің өлең жазғаныма.
Салюттің аспан тілген маздағында
Кеудеме қуаныштан құйылды оттар
Жүрегім жарылып кете жаздады да.
Ұрпақтың аман қалған бірі болып,
Өмірдің құлақ тостым саздарына.
Содан соң құйылды жыр тұла бойдан,
Жалған сөз жазбадым мен бірақ ойдан,
Соғыстың дүниені отап барып,
Сəтінде қақап келіп тына қойған,
Ақындық ащы даусым кетті ашылып,
Халық боп «уралаған» сол айғайдан.
Қырық жыл содан бері тынбадым мен,
Əр алуан, əр көлемде жырларыммен
Келемін ақ қағазға түсірумен
Жосылған жойқын соғыс жолдарын мен.
Қыруар өлеңдерге жүрек куə,
Мүжілген мүйіз саусақ қолдарыммен.
Солардың басын қоссам шын ұқыптап,
Болар ед қол көтермес ұлы кітап,
Соғысқа он үш жаста кеткен кіріп,
Айырылып балалықтан біздің ұрпақ,
Ол күнді ақын болса жазбай қайтсын,
Төгілген төбесінен мұзды бұршақ.
Сондықтан сол дəуреннің азасы бар –
Нəрсе емес бірақ күнде жаза салар.
Ақынға ойда жоқта ол тақырып,
Белгісіз жазда соғар, күзде соғар.
Қақ жарып көкіректі туар бір сəт
Көлбеңдеп көз алдыңда іздесе олар.
Жыр жазбан апыр-топыр тойға əзірлеп,
«Өзгені өлеңдетпей қой, кəзір!» – деп,
Қазақтың сол дүние ойранында
Еліне оралмаған сабазы – көп.
Солардың аруағын ардақтаған
Жыр қостым ұлы тойға байғазым – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу