Өлеңдер ✍️

  10.07.2022
  68


Автор: Ғафу Қайырбеков

«ТОРЫАЙҒЫР»

Қазақтың аспанында жүзген ақ бұлт,
Желкендей қараңғыда еткен жалт-жұлт,
Ұлтымның мəңгі бақи жас жігіті –
Атыңнан айналайын, Сұлтанмахмұт!
Мен сені іздеп едім жас күнімнен,
Тасыған кеудемдегі тасқыныммен,
Қашан бір сеніменен қауышам – деп,
Қайсар ең қайратынан тас тілінген.
Ұлдары қайран жұрттың дəл осындай
Кетеді дүниеге неге сыймай? –
Деген бір сұмдық сұрақ жаным жеген,
Өмірді кешіп жүріп, шимай-шимай.
Сен айтшы, сұлу көлі Торыайғырдың,
Жүзіңе томсырайған қарай қалдым.
Қазақтың қап-қараңғы көгін жыртқан
Иесі қайда бүгін зор айғайдың? –
Нұсқайсың неге маған Көк төбені,
Опасыз ол тағдырға өкпеледі,
Заманның аязына ерте ұрынды,
Өзі де жайнап тұрған көктем еді.
«Мен саған бекер кеппін, о, дүние, –
Келе сап қасіретке болдым ие.
Сен маған мекен болып жарытпассың,
Кетейін еңіреген сол күйімде».
Деді ол, менің қолдан келерім не?
Аларым – топырағым, берерім де, –
Қайтейін, құшағыма қайтып алдым,
Осы еді мақтанышым, беделім де.
Сендер де келесіңдер біліп жарытпай,
Ажырасып бірің ұғып, бірің ұқпай,
Өтетін ұрпақтарды сағындық қой
Баяғы жақсылардың туын жықпай!
«Аман бол!» – деді көлі Торыайғырдың
Астында қала беріп сонау қырдың,
Қасында тұру қиын ұлылардың, –
Бейшара екенімді сонда білдім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу