Өлеңдер ✍️

  28.06.2022
  83


Автор: Марфуға Айтқожина

БҰЛТТАРҒА ҚОЛ БҰЛҒАДЫМ

Жонданып жота, жон-арқаң,
Кеудеге уыз қонар таң.
Сағыныш деген тұнық көл,
Шүпілдеп көзге толар сан.
Арманға алыс қол артам,
Тиянақ жанға болар сан.
Жамырап шығар жапырақ,
Сапарлап кештеу оралсам.
Сұлудай бейне ай мүсін,
Жасауларын жайды шың.
Сырласып түнмен оралдым,
Орталап көңіл қайғысын...
Тауысып төзім-тағатын,
Түсінген кештеу бағасын –
Аңсаған кезім көп менің,
Сайрамның салқын жағасын.
Самалда соққан жоқ тұрақ,
Келемін жұрттан көп сұрап –
Балауса сол бір кезімдей,
Ырғалады көк құрақ...
Өсетін еді гүл қалың,
Аңсады-ау соны бұл жаным.
Шығысқа тынбай жөңкілген,
Бұлттарға қол бұлғадым,
Бұлттарға қол бұлғадым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу