18.06.2022
  66


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТӨРТІНШІ ЖЫР

Патшалы қала Лакедомон жағалай дөң қоршаған,
Атрид Менелай патшалық еткен ол соған,
Той жасап жатқан қалың туысты жиып ап,
Ұзатып қызын, ұлына бай қалыңдықты айттырып,
Жан-жаққа жарлап, салтанатты салт құрып.
5. Жау жайратқыш Пелидтің Троянның жерінде
Жүргенде құда түскен ол – ұлына қызын беруге.
 Некесін қиды құдайлар; Алуан күйме, ат сыйлап,
Шал артына Мирмидон патшалық құрған күйеуге
Жөнелтуге əзірлеп жатты қызын бүгінде.
10. Спартта жəне ұлына Алектр қызын айттырған,
Ол ұлды соңғы жылдары жас күңмен ойнап таптырған.
Есімі оның Мегапент. Бəйбішесі Елена
Құдайлары қош көрмей, қалды перзент көтермей,
Бір қыздан соң, ажарын Афродитаға теңердей.
15. Салтанатты сарайдың палаталарын толтырып,
Той жасауда Менелай дос, туыспен отырып.
Шабытты жыры əн шырқап, күмбірлетті күй төгіп,
Ортаға кеп ойнақтап, екі биші би теуіп.
Текті туған Телемах Писистрат екеуі.
20. Патша үйіне кеп түсті, ат доғарып аулада.
Елден бұрын Этеон қарсы алды кеп қаумалап,
Менелайдың құрметті қызметшісі қашаннан.
Атридке жөнелді хабарлауға мейманды;
Дəл қасына жақын кеп, қанатты бір сөз салды.
25. «Уа, падиша Менелай, сүйікті ұлы Зевстің,
Жатжұрттықтан екі адам – қос жолаушы кеп түсті.
Дий елінен болу хақ. Бұйырасың не маған?
Доғарайын ба аттарын? Яки кейін қайтартам?
Басқа жерден іздеуге қоналқа мен дастарқан?»
30. Алтын шашты Менелай ақырды кеп сонда оған:
«Воэф ұлы Этеон, кезің жоқ ед сандалған,
Жоқ сөз айтып ешқашан. Бала болып кеттің бе?
Сапар жолда жүргенде сый-құрметті көрмеп пе ек,
Өз үйімізде отырмыз, реттіміз тəубе етпек.
35. Доғарыңдар аттарын; Қонақтардың өздерін
Шақырыңдар осында, көрсін қызық көздері», –
 Деді осылай Менелай. Сонда Этеон жөнелді
Өңшең құлды соңынан аула жаққа шұбыртып.
Ақ көбікке боялған шешті аттарды тұқыртып.
40. Қамыттарын ағытып, жемге қойды суытып,
Арпа, сұлы төкті де азын-аулақ жібітіп.
Күн жағына ауланың сүйеп қойды күймесін.
Биік еңсе сарайға меймандарды кіргізді.
Сүйіктісі Зевстің патша қадірін білгізді.
45. Мынау келген екеуге: Жан-жақ түгел жарасқан,
Аспандағы Күн мен Ай көркіне таласқан.
Менелайдың мекені – даңқы əлемнен əрі асқан.
Көз тойдырып алған соң көрініске ғажайып
Шомылуға кірісті жолдың шаңын бір шайып.
50. Жуындырды күңдері əтір сумен ысқылап,
Селдір жұқа ішкиім, желең жауып үстіне ақ.
Киіндіріп болған соң Менелайдың қасына
Екеуі кеп отырды, күміс леген алдыртып,
Алтын құман шүмектен қолдарын бір шайдырды.
55. Стол əкеп алдына; Үстіне нан қойдырды,
Жеміс төкті жағалай əкеп патша қорынан.
Ет əкелді аспазшы табақтарын көтеріп,
Ылғи алтын тостаған қатар тізіп тастаған,
Сəлем жолдап оларға патша сөзін бастаған:
60. «Ас алыңдар, достарым, амандыққа, саулыққа,
Алғаннан соң ішіп-жеп, жөн сұраса қалдық та.
Ата-баба тектерің жүздеріңнен көрінген,
Патшалардың баласы – өзі сүйген Зевстің,
Əмір таяқ ұстаған, екеуің де келістім», –
65. Деді де ол ұстатты бір-бір кесіп сан еттен,
Өзі баптап қуыртқан арнаулы асын əдеппен.
Ұсынысты қолдарын, қанағатпен қабылдап,
 Асқа тойып болған соң, шарап ішіп дамылдап,
Мойын бұрып досына жақын келіп Телемах.
70. Өзгесі естіп қалмауға айтты ақырын сыбырлап:
«Нестор ұлы Писистрат, досым менің тым қымбат.
Өңшең жездің көрдің бе тұрғандарын сыңғырлап.
Алтын, күміс жағалай, жарқыраған маржан кіл,
Піл сүйегі дейсің бе – асқан дəулет жаннан бұл.
75. Олимптегі Зевстің тек өзіне біткендей.
Есім танып отырмын. Сəн-салтанат бұл нендей!»
Алтын айдар Атрид Телемахты естіп қап,
Екеуіне тіл қатты сонда даусын көтеріп:
«Балаларым, Зевспен салыстыру бекерлік,
80. Өйткені оның үйі де, дүниесі де мəңгілік.
Пенде болса бір сəрі салтанат пен сəн құрып
Таласатын менімен. Əлем кезіп, қаңғырып,
Сан апатқа ұшырап, кемелерім қирады,
Сегізінші жыл дегенде елге келді құр жаным.
85. Кипр бардым – Финикян жұртын дағы көрдім мен,
Египетке жол тіреп, Эпиоптарға ендім мен.
Эренб, Сидон ел көрдім. Ливияға жол тарттым,
Мүйізді болып туатын агнцвлардың əулетін
Араладым, жылына үш рет құрбан, тəубе етіп.
90. Қойы қоздап, үш рет лақтайтын ешкісі,
Ол арада ет-сүттен тапшылық көрмес еш кісі,
Кедей болсын, бай болсын – яки мырза-бақташы.
Жыл бойына сиыры саудырады суалмай.
Сол алыста жүрдім мен, дүниені жидым бай.
95. Осы кезде елімде сүйікті бауырым мерт болды,
Опасыз қатын айласы айықпайтын дерт болды.
Содан былай бұл байлық, дүниеден суындым.
 Оның бəрін, əрине, əкелерің айтқан да,
Əлде естіп қалдыңдар жақыннан да, жаттан да.
100. Талқандалған, таланған өз үйімді көргенде,
Қайран жүрек тілініп, болдым қапа шерменде.
Қандай еді шіркін-ай байлығы мен базары!
Қолда бардың бүгінгі өзім үштен біріне
Етер едім қанағат – қайран ерлер бүгінде
105. Тірі болса сондағы қалған Троян жерінде.
Арғымақты баптаған Аргостың алыс елінен
Жиі еске алып соларды еңірегенде, омырауым
Жасқа толып, отырмын жүректі мұңмен асырап,
Шер тарқатып үйімде – жыласаң қайғы басылмақ.
110. Бірақ соның бəрінен, ойымнан əсте шықпайтын
Бір қайғым бар ең мықты – кезімде де ұйықтайтын,
Көз шырымын алмаймын – тағамды да татпаймын
Сол есіме түскенде, – Ахейлердің ішінде
Одиссейден азап-сор тартпағанды ешкім де,
115. Қалың бейнет, қайғы-мұң шегуге ол жаралған.
Əлі күнге үйіне жүргені оның оралмай
Қатты батар жаныма – ешбіріміз білмейміз –
Өлі ме ол, тірі ме; Байғұс əке – Лаэрт шал
Қасірет-құса шегуде. Пенелопа қайран жар,
120. Ол кеткенде жөргекте қалып еді Телемах», –
Деген сөзбен байқаусыз алды жанын жаралап
Телемахтың мына шал. Əке есімін есту мұң,
Кетті жасы сорғалап. Қос жеңімен қалқалап,
Сүртті көзін жалма-жан, Атрид те жалт қарап.
125. Ұға қалды мəністі, бар жүйесі босаған
Үнсіз ұзақ отырды ол – енді мына жас адам
Өзі айтар ма деген ой – əке жайлы бір хабар,
 Əлде мұның өзінен суыртпақтап сыр тартпақ?
Отырғанда осы оймен кетіп көңілі сан саққа.
130. Шыға келді Елена хош иісті төргі үйден.
Алтын найза ұстаған Артемиданың өзінен
Айнымай-ақ қалыпты. Адреста жалма-жан
Ұсынды орын оған тез зергер соғып арнаған.
135. Аяғына төседі жұмсақ кілем Алкиппе;
Фило əкеліп ұсынды өрнекті бір сандықша
Полиб патша əйелі Алькандра сыйлаған
Египеттің жерінде – қазыналы мекенде
Екі күміс құмыра, Атридке кетерде.
140. Алтын астау сыйлаған – үш аяқты, үш таған.
Жəне оның əйелі Еленаға сыйлаған
Алтын ұршық ойықты корзинасымен қоса
Күміс еді корзина шетіне алтын жүгірткен.
Корзинасы сол еді Фино əкеліп үлгірткен.
145. Іші толы зерлі жіп тоқу үшін құрғатқан.
Толқынданған торқа жүн ол да мүлік бір жатқан.
Отырды кеп Елена орындыққа асып сап
Көсулі көркем балтырын, сосын ынта көңілімен
Менелайға бет бұрып, сұрады бір сөз ерінен:
150. «Уа, Атрид ардақты, сүйікті ұлы Зевстің,
Кім екенін білдің бе, біздің мына үй ішін
Жарқыратқан, жатжұрттан келіп тұрған меймандар?
Əлде əбес бұл сөзім, əлде дұрыс – білмеймін,
Айт деп соны зорлайды əлденеге жүрегім.
155. Таңырқанып қараймын: не əйелден, не ерден
Болмас мұндай ұқсастық – бұл дүниеде мен көрген.
Біздің қонақ аумайды – Телемах атты жас өрен
Одиссейдің ұлынан. Қалып еді емшекте
Кеткен кезде əкесі Троянға, ең шетке
 160. Құнға тұрмас мен үшін аттағанда ахейдің
Өңшең ері қырғынға, əкесіне жат елдің».
Менелай патша тіл қатты Еленаға нұр сипат:
«Шынында сенің, əйелім, мына сөзің жөн екен,
Неткен ғажап ұқсастық! Айтуы жоқ бір бөтен.
165. Аяқ, қолы – бəрі ұқсас. Көзінде де сол қарас.
Айнымайды басы да, дəл сонау бір бұйра шаш.
Одиссейді айтқанда азап тартқан мен үшін
Кетті жасы сорғалап, көрдім көзін жеңімен
Сүртіп, дереу жатқанын – бір мəністі сезінгем».
170. Сонда сырбаз Писистрат Менелайға тіл қатты:
«Уа, даңқты Атрид, құдай айтқан сымбатты
Алықтардың басшысы, менің мынау серігім –
Дəл Одиссей өз ұлы. Айтуыңыз орынды.
Сыпайылық сақтады ол – мінезі де момын-ды.
175. Сөзіңізді тамаша естен бізді тандырған
Бөлмейін деп отыр ол – осынау бір балдырған.
Менің əкем – қарт Нестор Лакедемонға бұл ерді
Ағартуға төтемен мені қосып жіберді
Сізге ақыл берсін деп не істеу керек дегенді.
180. Əкесіз өскен үйінде баладан сорлы бар ма екен.
Жолдасы жоқ, досы жоқ – ақылға да зарлы екен.
Одиссейдің осы ұлы. Əкесі жүр жат жерде
Жалғыз басы бүгінде қауіп пенен қатерде».
Жауап қатты Менелай Писистрат жас ерге:
185. «Уа, Құдайлар тəуба! Сүйікті менің досымның
Азап шеккен мен үшін өз көзіндей осы ұлын
үйіме менің əкелген. Ахейлердің бəрінен
Одиссейді көрем деп үміт оздырған жан едім,
Жүйткігенде кемелер кешіп теңіз əлемін.
190. Найзағай атқыш Кроннон жол ашқанда еліме;
Оған арнап Аргестан сарайлы қала сəнімен
 Салар едім жайнатып, Итакиден алдыртып
Өзін де, дəулет, жұртын да; Əулетімнен босатып
Жаңа бір өлке берер ем тұру үшін ол шалқып.
195. Көрші болып алған соң көрісер ек жиі біз,
Ешкім бізді айырмай, жарасып əн күйіміз.
Қара бұлты ажалдың үстімізден төнгенше.
Қырсық құдай амал не, ол тілекті бермеді
Бақытсыз байғұс үйіне оралу сəтін көрмеді».
200. Осылай деп Менелай қамықтырды баршасын,
Дийдің қызы Елена тыя алмады көз жасын,
Одиссей ұлы жылады, Атрид көзі суланды.
Писистрон өрен жас көзін жаспен бұлады,
Есіне түсіп Антилох, өз ағасы – қыраны.
205. Нұр сəулелі Деница баласы оны өлтірген.
Атридке ол тіл қатты сол жылаған бетімен:
«Ақылды патша Менелай – адамнан асқан данасың.
Осылай деп қарт Нестор – əкем ылғи айтатын
Сені еске алған кезінде жиып əулет алқасын.
210. Ақылды патша сен енді мені біраз тыңдап ал;
Беймезгілде, кешкі аста жылап-сықтау бізге обал.
Боздақтарды шəһид болған жоқтау, əсте, кінə емес
Біз білетін құрмет сол: ащы жаспен бет жуу,
Бұрым кесу азамен, молаларға шаш жұлу.
215. Мен ағамды жоғалттым. Аргивтердің айқаста
болмап еді сорлысы, көрді көзің байқастап.
Өзім оны білмеймін, кездескем жоқ тірлікте
Бірақ жиі естідім. Жаннан асқан ер ед деп,
Жүйріктігі ересен, аяғы бір жел ед деп».
220. Алтын шашты Менелай жауап қатты сонда оған:
«Досым, сөзің орнықты. Сенен жасы егде адам
Бұлай сөйлер біреу бар. Сірə өзім де байқаймын
 Əкеңе тартқан ұлсың сен. Тегі бөлек ерлерді
тану қиын болмайды, Кроннон берген-ді.
225. Некелі де, тұқымда ондайларға бақытты
Несторға да берген ол алтын жылдар, уақытты.
Қартайсын деп көңілді ұлдарының қасында
Əрі ақылды, найзагер. Жылауды енді тыялық,
Жасымызды құрғатып, ойын-сауық құралық.
230. Содан кейін Телемахпен бүгін айтқан кеңесті
Ертеңгісін жалғастырсақ – ол кешігу емес-ті», –
Деді ол, сонда Асфилнон – жəрдемшісі патшаның –
Атағы асқан Менелайдың; даярлады қолға су,
Басталды енді содан былай асқа, дəмге жалғасу.
235. Асыл туған Еленаға бір ой келді тамаша
Шарап толы құтыларға Соктан аздап тамызса,
Ол тамшының қасиеті – басады адам қайғысын,
Күні бойы күліп-ойнап, жылауға ырық бермейді.
Ойда жоқта айрылса да ата-анадан ол мейлі,
240. Əлде бауыры, əлде ұлы қаза тапса оқтан да,
Болмас оның ықтияры жылауға да, жоқтауға.
Сондай ғажап дəру тамшы Дий қызында ғана бар.
Египетте Полидамна, Фоон патша əйелі
Сыйға тартқан оған оны əдейі.
245. Ол өлкеде нелер дəру – қасиетті шөп өскен,
Елдің іші бəрі дəрігер – қай кісімен кездессең.
Бəрі оқымыс-жəй адамнан айырмасы олардың
Сол даруды шараптарға тамыздырып бір қолдан
250. Елена ханым тағы да өзі меймандармен кеңесті:
«Менелай патша, сүйіктісі биік тəңір Зевстің,
Жəне атақты жақсылардың перзенттері – бəрін де,
Жақсы, жаман жазмышты бұйыртатын Дий өзі
Бəрі соның əмірінде – тағдырыңның мінезі.
 255. Көтеріңдер көңілді бір кешкі тағам, ас алып,
Қалсын тəуір кеңес, сөзбен жүректерің жасарып.
Ал мен өзім өткен істен бір азырақ қозғайын,
Əрине, оның бəрін қайдан мен есіме сақтайын,
Одиссейдің өзім білген бір ғажабын айтайын.
260. Троянның өлкесінде қырсық шалған сендерді
Сол өжет ер бір тəуекел сұмдық ойға келген-ді.
Өз денесін өзі осқылап, жонып, қандап шығып,
Бейнесінде тұтқын жанның жау қалаға кірді ол
Қайыршы боп, жыртық киім, кірлі қол.
265. Ол осылай жасырынды Трояндардың ішінде.
Олар аңқау балалардай ештеңе жоқ есінде.
Бірақ оның кім екенін танып қалдым мен бірден;
Сұрақ қоя бастап едім – тайқи берді жауаптан,
Сосын оны жуындырып, əлденеше қабаттан
270. Əтір сеуіп, иығына шапан жауып, ант еттім,
Тірі жанға білдірмеске ортасында жау көптің.
Кемелерге қайтпас бұрын бүйірлері сопиған,
Ахейлердің зымиян ойын берді ол түгел баяндап.
Троянның көбін қырып қылышымен тəмамдап,
275. Жау қаланың бар сырын, құпиясын біліп ап,
Аман-есен қосынға оралды ол бір күнде-ақ.
Трояндық сан жесір қалды талай зар жылап,
Мен ішімнен қуандым, қайран жүрек қашаннан
Ел сағынып жүр еді, сəтін күтіп босанған.
280. Афродита кінəсі – Троянға кеткенім,
Ақ төсегін некенің – бəрін тəрік еткенім,
Тастап балам, жарымды – ақылы асқан дарынды».
Менелай патша тіл қатты Еленадай жарына:
«Əйелім, дұрыс келтірдің əңгімені бабына.
285. Талай жақсы жандардың ақылын, ойын аңғардым,
Бұл жасаған жасымда, талай жерді шарладым.
 Кездестіргем жоқ өзім, мұнша берік тас төзім,
Қиындыққа қыңқ етпес Одиссейге тең ерді.
Мен де қосып айтайын көзімменен көргенді.
290. Басшылары ахейдің ат қарнына тығылған,
Сол арада Одиссей өз ісіне жұмылған.
Жаңағыдай айламен іске асырды дегенін.
Жауға өлім даярлап, ажалымен тағалап,
Сол мезетте келдің сен бізге ақырын жағалап.
295. Бұйрығымен Демонның Трояндарға болысқан.
Денфот келіп соңынан, сол арада тоғысқан.
Ат сауырын үш рет шыр айналып шықтың сен,
Қабырғасын сыйпалап, ат жетердің есімін
Атап-атап шақырдың, аз болса бұл кесірің.
300. Əйелдерінің даусына айнытпай-ақ салып ең.
Жасырынып отырған ат ішінде қарны кең
Диомедпен екеуміз жəне патша Одиссей
Естіп таныс үніңді, баласымен Тидейдің
Сыртқа шыққым келіп ед, ұмытып бəрін үрейдің.
305. Одиссей бірақ қапышыл ұстап қалды біздерді.
Өзге жəне ахейлер үндемеске төзген-ді.
Антиклес тек қана үн қатуға қалғанда,
Əлуетті қолымен ақымақтың ауызын
Жаба қойды Одиссей – ажал деген жауыздың.
310. Қолынан бізді сақтады. Алысты жəне онымен
Кеткеніңше сен ұзап, Афинаның жөнімен».
«Уа, қайрымды Атрид, халықтардың қамқоры –
Деді оған сол кезде Одиссейдің баласы –
Ауыр болды-ау екі есе – сұм тағдырдың азасы.
315. Сөйтсе дағы ол содан құтылар жоқ шарасы,
Жүрегі темір дегенмен – болды қанша пайдасы?..
Жə, уақыт болыпты ұйықтауға жатуға,
 Күні бойы шаршаған тəн-мүшеміз дем алсын».
Сөйдегенде, Елена, аударып көзқарасын
320. Күтуші əйел, күңдерге қабағымен бұйырды,
Кереуеттер қойылып, жауып асыл бұйымды.
Кілемдерді жайдыртты, түгі жұмсақ желеңдер
Жамылуға тастатты, ұстап бір-бір шырақты
Күңдер сосын тарқасты; жаршы келіп ұзатты
325. Қонақтарды орынға. Қалды ұйықтап біржола
Одиссейдің ұлы мен Писистрат мырза да.
Сосын ішкі бөлмеде, Еленаның қасында,
Ұзын қаптал үстінде, жамылғышы мол бəрі
Алтын айдар Атрид көзін жұмды ол дағы.
325. Түнектен шықты нұрлы Эос – жарқ-жұрқ етіп
балғын таң;
Оянды патша Менелай – қанды айқасты шақырған.
Алдаспанын асынып, киім киді асылдан,
Аяғына байлады жер баспайтын жақсы ұлтан,
Шықты сосын бөлмеден тəңіріге ұқсас нарсұлтан.
330. Телемахтың қасына сəлемдесіп отырды,
Сұрады одан содан соң: «Кешіп шексіз толқынды,
Лакедоман айбынды шаһарына патшалық,
Не себеп бар, Телемах, келуіңе жол салып?
Не мұқтаждық бар еді? Əлде мұңы халықтың?
335. Айт шыныңды жасырмай». Одиссейдің сүйікті
Баласы сонда тіл қатты, сөзден алып билікті:
«Құдіретті патша Атрид – халықтардың панасы,
Одиссейдің тағдырын білмек едім мен сенен.
Мүкəммалым шашылды, жерім азды өлшеген,
340. Түсті талан-таражға үйім-күйім түк қалмай,
Барлық малым қырылды – кіл аждаһа жұтқандай;
 Пенелопа шешемді сөз салумен қинады.
Аяғыңа жығылып, өтінемін сенен мен
Айтшы əкемнің тағдырын өзің көрген, не елден
345. Естігенің бар болса. Анасынан туған ол
Өмір бойы кешуге қайғы менен азап, сор.
Мені аяма – тілегім, сөзіңді де жұмсартпа,
Айт барлығын жасырмай – куə болған жайыңды.
Менің əкем Одиссей – достарына қайрымды.
350. Не сөзімен, ісімен тиіп пе еді пайдасы
Сонау қиын күндерде, Трояның айқасы
Кездерін де сенімен бірге болған шағында,
Қырсық шалған Ахейлер – көп қырылған шағында,
Есіңе алып соларды – баяндап бер бабында».
355. Алтын шашты Менелай мінді сонда қаһарға:
«Уа, ессіз хайуандар! Барды дəті батырға
Қалайынша қасиетті, құдыретті сабаздың
Ақ некелі жарына сөз салуға, төсегін
Оңай тартып алуға өңкей сорлы кещенің!
360. Қараңғы орман ішінде үңгіріне қабыланның
Елік келіп қонса егер емек сорған балаларын,
Өзі сосын қаңғыртып, дала кезіп кетсе егер,
Сол уақытта арыстан үңгіріне оралса,
Жақсы болмас қауқарсыз байғұстардың халі онша.
365. Табар жаза мыналар Одиссейдің қолынан.
Уа, Дию, жай-атқыш! Уа, Феб Аполлон!
Уа, Афина! Куə бол! Қалың жұртты Лесбоста
Филомилед дəуменен жекпе-жек сол айқаста
Алып соққан ер еді – Одиссей батыр нарқасқа.
370. Ахейлердің мерейін көтеріп ед сол шақта.
Сондағыдай сол күймен келсе Одиссей бұл жаққа
Күйеусымақтардың көрер ек тартқызғанын сазайын.
 Сұрағыңа сенің мен дұрыс жауап табайын
Мен танбайын шындықтан – етпе сен де уайым.
375. Теңіздің теңсіз Абызы – əулие шалдың айтқанын
Жеткізетін саған мен – көргені мен баққанын.
Египеттен еліме қайтар жолда құдайлар
Бөгеп бақты жолымды – құрбан шалу кəдесін
Орындамағаным үшін де – алған бізден уəдесін.
380. Əдеті еді олардың қатал талап ететін,
Египеттің қарсысында телегей теңіз тентектің.
Ортасында бар еді Фарос дейтін бір арал,
Тұрған кезде жел оңнан – осынау оңтайлы арадан
Бір-ақ күннің ішінде өтетін кеме бəрі аман.
385. Пристаны сенімді, шығатын теңізге арқырап,
Одан талай кемелер ауыз суды артып ап.
Құдайлардың əмірі – жиырма күндей бөгелдім,
Аттануға бірде бір желім тұрмай оңынан,
Жүзгіштердің қашанда серігі сол қорыған.
390. Жол азығы таусылды, жолаушылар қалжырап
Қалған кезде, болысты, болды бізге жаны жақ.
Эйдофем құдай-қыз – көк теңіздің иесі –
Перзенті еді қу шалдың. Қалмайтындай түк иесі
Икемделді маған ол – жүрегімен тиесі,
395. Жалғыз кезіп жағаны келе жатқан бетімде,
Серіктерім қаңғырып, бет-бетімен күнелтуге
балық аулап қармақпен, бас қайғы боп кеткенде,
Сонда маған құдай-қыз жылы жүзбен жақындап:
«Уа, мұның не, жолаушым? Балалықты мақұлдап,
400. Яки жүрек жасқаншақ болғандықтан жүрсің бе?
Əлде қырсық жалқаулық? Əлде бейжай түсің бе?
Өз қайғыңмен өзің боп, шықпай біздің аралдан
 Шырмалуға не себеп? Яки істер амалдан
Қалмады ма ештеме? Достарың да тараған?» –
405. Деді маған құдай-қыз. Жауап қаттым мен оған:
«Кім болсаң да, тəңірім, шындық сөзден тайынбан.
Өз еркіммен бөгеліп жүрген жоқпын, сірə, мен,
Өшіктірдім, білмеймін құдайды қандай кінəммен,
Шетсіз-шексіз əлемді өзі ғана билеген.
410. Соның бəрін айту маған (құдайлар білмес дүние жоқ),
Өлместердің ішінде, денемді құрсап, кісендеп,
Кім еді менің байлаған кейін қайтар жолымды?»
Деп сұрадым тағы да, жауап берді ол бір жөндеп:
«Түк қалдырмай айтайын, бар шындықты біл сен, – деп –
415. Осы жаққа келетін бар теңіздік дана қарт,
Өлместерге тепе-тең египеттік Протей –
Посейдонға қарасты теңізді жүрген аралап,
Менің əкем – сол – дейді, егер соны амалдап,
Бағынтып алсаң өзіңе – береді бəрін баяндап.
420. Балығы көп теңізбен қанша уақыт жол кешіп
Оралдықты айтады үйіңе жетіп, бел шешіп.
О, құдайдың сүйіктісі, көңілің соқса тағы да,
Үйіңде не жақсылық, не жамандық болғанын
Сан теңізді бұл жақта шарлап жүрген шағында».
425. Осылай деді құдай-қыз, тағы да оған мен айттым:
«Алдымен өзің бізге үйрет алуын əккі сол қарттың,
Пиғылымызды біздің ол біліп қойып жүрмесін.
Адамның қиын жеңуі – құдайлардың жолы қатты», –
Дедім оған, құдай-қыз сонда тұрып тағы айтты:
430. «Бəрін де айтам анықтап, бар шындықты білсе де,
Гелнос көктің жағалап жартысына жақын келгенде
Дəл осы жерде күн сайын, кеудесін тосып əр желге,
 Су аятын тастап сұңғыла қарт шығады толқын белдерге,
Жатар сосын дем алып терең шатқал үңгірде;
435. Жан-жағы толы итбалық – Алосимда баласы,
Бауырынан өрбітіп көк шылаудың арасы –
Ұйлығып сонда ұйықтар сасық бір исі теңіздің,
Мұрынды атып жағалай жайылғанда жар асты
Эос келер сол шақта, табамын сонда мен іздеп
440. Бір орынды жасырын итбалықтар ішінен,
Ал сен сонда ең мықты аты шыққан күшімен
Үш жолдасты таңдап ал, кемеге мініп жетсін тез;
Шалдың жасар не сиқыр берейін хабар ісінен.
Алдымен санап шығады итбалықтарды көзбенен.
445. Санап шығып бес-бестен, ең соңында өзі кеп
Арасында солардың болады бір көз ілмек
Табындағы малшыдай. Ұйқыға шомған кезінде
Бар күштерің жинап ап, бас салыңдар бір демде,
Жанұшырып бұлқынар – босатып алып жүрмеңдер,
450. Ал сонда мың құбылып, əр кескінге айналар,
От та, су да болады ол, құмырсқа боп жорғалар.
Қорықпаңдар бірақ та, қысып ұстап алыңдар,
Кеудесінен бір кезде адам даусын шығарар,
Баяғы өзі ұйықтаған қалпына кеп оралар.
455. Нақ сол кезде босатып, қолдан үзіп тастаңдар,
Босанғанын көрген соң бір сұрақты бастаңдар.
Қай құдайдың өзіңе өшіккенін ол айтар,
Сұра сен одан: қай кезде өз үйіңе шығар
Қай теңізбен, қай кезде – бəрін дағы сол айтар».
460. Соны айтты да құдай-қыз теңізге барып жоғалды.
Кемелерге оралдым жатқан торып жағаны,
Неше түрлі көңіліме ойлар келіп толқыдым.
 Кісілерімді кешкі асқа жинап алып содан соң
Меңіреу түннің ішінде амал іздеп отырдым.
465. Жағаға ұрған толқынның шуы астында ұйықтадық.
Эос шықты түнектен жүзінен қызыл нұр тамып,
Құдайларға тізерлеп бір сыйынып алдымен,
Сықыр-сықыр құм басып, тартып кеттім құрсанып.
Манағы айтқан үш бірдей мықты деген қосшы алып;
470. Ал бұл кезде құдай-қыз су астынан, тереңнен
Төрт итбалық терісін алып шықты ірілген
Жаңада ғана тері екен. Алдамақ боп əкесін
Жағадан үңгір дайындап, бізді күтіп түнімен
Отырған екен, табылдық төртеуміз де сол жерден.
475. Шұңқырға əкеп жатқызып, тас қып жауып тастады,
Үстімізді терімен, күтіңдер деп келгенше;
Сасық исі терінің тұншықтыра бастады,
Тірі адамның мүмкін бе жата беруі өлгенше?
Эйдофея алаңда жəрдемдесті өзінше
480. Мұрнымызға хош иіс май жіберіп, дем беріп,
Хайуандардың иісінен қалдық біраз жөнделіп.
Күттік дейсің сол жерде сəскеге дейін сарғайып,
Шықты-ау əрең дегенде итбалықтар сенделіп,
Жатты төрт тыраңдап, жағаға кеп шалқайып.
485. Талма-тал тұс болғанда шал да шықты теңізден.
Итбалықтарын санады жүре алмайтын семізден.
Қоса кеттік ішінде біз де осынау санаудың
Байқаған жоқ ештеме – итбалықтан неміз кем?
Жата кетті содан соң, пышылдатып танауын.
490. Айқай салып ұмтылдық. Маужыраған шағында
Күшін қолмен шыңғыртып бастық келіп тақымға.
Сол арада шалың да сиқырлыққа қамданды.
 Арыстанға айналды от ойнаған жалында,
Айдар боп шапшыды, елестетті қабыланды;
495. Ағын су боп тасыды, орманға да айналды.
Одан сайын өшіктік, кетпестей боп байланды.
Білді сосын сиқырдан ештеме де өнбесін
Маған қарап тұншығып, тіл қатпаққа ойланды:
«Қайсысы екен бұл саған ақыл берген өлместің
500. Айтшы маған кəнекей, асыл туған Менелай?
Ал тілегіңді айта бер, келіп едің не қалай?» –
Ол сұрады, мен айттым – несіне шал білгенді
Білмегенсіп сұрайсың? Азап шегіп жағалай
Мен жоғалттым емес пе талай ай мен күндерді?
505. Бар амалым таусылып, жүректі дерт қаусырып,
Жолдастарды мұң басты, көрсете алмай қарсылық.
(Құдайлардың көзіне дүниенің бəрі анық)
Өлместерден кім маған осыншама қадалып,
Кесел еткен үйіме қайтуыма оралып?»
510. Мен сұрадым солайша, жауап берді ол былайша:
«Кемелеріңді əуелі сапарға алыс бұрмайша,
Зевске жəне өзге де құдайларға құрмалдық
Керек еді шалуың, аман-есен ырғалып
Қайту үшін еліңе! Енді сөзде құн қанша!
515. Айтатыным тек саған – енді қайтып көру жоқ,
Жақыныңды, жарыңды, туған мекен, ошақ, от
сəніңді де, бəрін де, сонау қалған Египет
Қияметі көп сапарға – сен қайтадан жолық тек,
Барған бойда құрбан шал, уəдеңе болма шет!
520. Шексіз көкті билеген риза қыл Зевсті.
Онсыз саған көру жоқ өзің туған жер үстін».
Деуі шалдың мұң екен, қайран жүрек жыртылды,
 Тағы бастан бір кешіп тұманды теңіз мың түнді.
Египетке шет қиян бару дозақ мен үшін!
525. Ақтығында тіл қатып, былай дедім мен шалға:
«Айтшы маған енді сен, олай-бұлай бұлтарма,
Не істер ем мен екеуміз айрылысқанда Трояда
Қирап қалған ахейлер бірі қырда, бірі ойда,
Жетіп пе еді аман-сау бала-шаға отанға?
530. Қырсық шалған байғұстар орта жолда қалды ма?
Əлде көзін жұмды ма достарының алдында?
Дегенімде айтты ол жауап қатып сөзіме:
«О, падишам Менелай! Сұрағың ауыр өзіңе,
Өзіңді қинап, мені де жүрекке қаяу салдырма!
535. Егер айтсам мен бəрін көзіңнің жасын тыймассың,
Енді олардың көбі жоқ. Бары да көп, расым;
Аргивтердің жез сауыт екі бірдей көсемі
Ажал жолын кескені – қайтады елге деседі,
Бірін өзің білесің, айқаста елдің – есебі.
540. Үшіншісі тірі əлі – еріксіз теңіз қаңғысы.
Дауылды толқын үстінде, кемелерінде сан кісі,
Ойлейдің ұлы Аякс қаза тапты теңізде;
Посейдон бəрін лақтырды жартысына Гирейдің,
Суырып судан алып ед Аякстың өзін де.
545. Тірі қалатын бейбақ ед, бар пəле тілі, сөзінде
Афинаның дəл сол бір ызыланған кезінде
«Құдайларсыз-ақ құтылам» деп мақтанса болар ма;
Оны естіген Посейдон мінді дағы қаһарға,
Үш тармақты айырын сілтеді бір долдана.
550. Қақ айырды жартасты, жартысы қалып орнында,
Аякс тұрған бөлігі құлады барып толқынға,
Күмп берді де жоғалды қайнап жатқан тереңге,
 Қаза болды солайша сорға батқан қалпында.
Сенің ағаң əуелде қашып сондай тағдырдан,
555. Кемелерімен аман-сау жетіп еді жағаға
Əмірші Гера əйелдің жəрдемімен сонда да,
Жан аяғы баспаған жартасына Малейдің
Барып-ақ қалған шағында кездесті бір дауылға,
Күңіренді теңіз іш тартып құшағында дүлейдің.
560. Лақтырды дауыл оны кеп мекеніне Фиестің,
Патшалығы тұрған жер Фиестің ұлы Эгистің.
Дегенменен ұзамай басылды теңіз ойнағы,
Оңынан жел тұрғызып, құдайлар да қолдады,
Отанына оралды ақыры болып жолдары.
565. Агамемнон қолбасшы басты атамекенін
Топырағын сүйіп сондағы көрсең жасын төккенін.
Қарауыл төбе басынан күзетшісі Эгиптің
Көріп қалды Атридтің аман-есен жеткенін.
Білмеді ол Эгистің зымиян ойға кеткенін.
570. Жолын оның аңдытқан бір жыл бойы үзбестен,
Қара жолдың бойында қарақшыдай кездескен,
Күзетші де жеткізді бұл қайырсыз хабарды.
Дайындығы тың сұмдық – айла аспайды Эгистен,
Жиырма жігіт жинады күшін сынап егескен.
575. Қонақасы беретін үй маңына жасырды,
Күйме жегіп алтындап, үйіп-төкті асылды.
Қарсы алуға жөнелді сонда Атрид патшаны,
Оңаша үйге кіргізді, көңілді той басталды,
Жиырма жігіт бас салды, кесілді де бас қалды.
580. Өлтірді оны солайша бейне өгіздей бауыздап.
Бəрін қырды серіктің – аямады жауыз жақ».
Баяндады шал солай, естігенде бұл кепті
 Қоя бердім еңіреп, тілкемдедім жүректі,
Содан қоймай жыладым жер бауырлап мен ұзақ.
585. Ақыры мені жұбатты теңіз шалы данышпан:
«Өзіңді өзің мұқатпа, о, Менелай, арыстан,
Көргенім жоқ ешқашан көздің жасын болысқан.
Одан дағы еліңе тез қайтудың қамын қыл.
Бəлкім, бауырың тірі ме, кез бола ма қауышқан.
590. Əлде Орестің қолында қаза тапса ендігі,
Үлгірерсің жерлеуге жинап шапшаң еңсені».
Шал осыны айтқанда, қайта міндім қайратқа,
Қайта соқты жүрегім қайғым қатты болса да,
Сөз тастадым дауыстап Протейге мен сонда:
595. «Жайын айттың сонымен екі бірдей көсемнің.
Үшіншісін айт жəне нешеме жыл, неше күн
Тұтқынында теңіздің босана алмай сорлаған
Əлде ол да құрыды? Жасырмай айт сен маған
Қаншама ауыр болса да қайғысына төземін».
600. Дегенімде, Протей жəне маған тіл қатты:
«Ол – Лаэрттың баласы – тəңірідей ардақты,
Итакидің иесі. Жолықтым бір аралда,
Калип соның мекені – құдайлардың құдайы
Қол астына алыпты қарауылдап ұдайы.
605. Жолын құртып қыстаған, қайтуына жоқ амал,
Кеме де жоқ, серік жоқ көк теңізден жол табар.
Ал сен болсаң, Менелай, құдайдан өзге сыбағаң.
Өлмейсің де өшпейсің, бірақ сенің сұраған
Тағдырың болмас, дəм тартпас жылқылы сонау Арбостан;
610. Жөнелтер сені көп құдай қайдағы жердің түбіне,
Елпсендің даласы – көз тоймайды түгіне.
Алтын айдар Рамадант – өзінің тұрған өлкесі
 (Қайғысыз-мұңсыз, адамның арыз айтпас)
Нөсер менен боранның болмайтұғын бірі де,
615. Зефирдің тəтті самалы, мұхиттың жасыл өркені
Аймалайтын адамды – секілді бір еркесі.
Өйткені сен біліп қой, Еленаның жарысың,
Күйеуісің Зевстің – осы айтқаным – бəрі шын!» –
Деді дағы əлгі шал тереңге сіңіп кетті өшіп.
620. Серіктерімді ертіп мен болсам кемелерге беттедім.
Ойлар тұнып тұр еді көкейіме кеп менің,
Кемелерге келген соң достарымды жинадым
Кеш түскенде бəріне тағам беріп сыйладым,
Сыбырымен ұйықтадық толқындардың көк теңбіл.
625. Эос шықты түнектен қызыл маржан жарқырап,
Суға салдық кемені жүктерімізді артып ап.
Тіреулерді тікейтіп, желбіретіп желкенді,
Кілең шебер теңізші ескек сілтеп жөнелді,
Толқын жатты төменде көбіктері шашырап.
630. Кемелерді заулаттым Египетті бетке алып.
Құдайларды риза ғып, құрбандықты көп шалып,
Ағам елін ап баурыма топырақ үгіп, күмбез сап,
Елге тартып жөнелдім, жел де оңынан кеп қалып,
Аман-есен оралған отаныма осы шақ.
635. Ал сен енді, Телемах, майманым бол, тынық жат,
Он, яки он екі күн өткенше еш жөнің жоқ қозғалмақ.
Одан кейін мен сені аттандырам сыйлықпен,
Жегіп берем күймеге үш желаяқ арғымақ,
Ұстатамын құмыра зергер соққан оюлап.
640. Құдайларға құлдық қып, содан шарап татасың,
Есіңе алып мені де, кəрі шалдың батасын».
«О, Менелай падишах, – деді Одиссей баласы, –
 Ұстамаңыз мені ұзақ, үйіме тез баратын
ретім бар. Əрине, жыл жатсам да болар ед
Хикая естіп не ғажап, адамның жоқ таласы.
645. Алайда анау Пилоста күтіп жатыр серіктер,
Қимасаң да, соларға тез жетуге ерік бер.
Сыйлық та бер үйімде сақтауыма қолайлы;
Итакиге ат сүйреп апаруға болмайды,
Оларыңмен өзің-ақ өз жаныңа көрік бер.
650. Шөбі шүйгін жағалай құнарлы өлке жерің бар,
Онда бидай, жемістің неше түрі жолығар.
Ондай алқап, сірə да, Итакиге бітпеген,
Ешкі тұяқ болмаса, ат тұяғын күтпеген,
Бай ғой сенің аралың, не тілесең бəрі бар».
655. Үндемеді содан соң. Ер Атрид жымиып,
Сипады оның бетінен, ойға кетті тұңғиық.
«Байқап тұрмын сөзіңнен қасиетті тегіңді,
Ат орнына онда мен берем саған бір бұйым,
Оған жетер байлығым, қазынаға толы үйім.
660. Берем ғажап дастарқан күміспенен қапталған,
Алтынменен аптаған, салтанатқа сақтаған.
Гефес құдай өзінің қолыменен жасалған;
Оны маған бекзада Ведим еді сыйлаған,
Спидондардың патшасы – үйіне дəулет сыймаған.
665. Соны менен аласың қайтарыңда еліңе».
Олар солай отырды сыр шертісіп əлі де.
Үйге толды сол кезде шақырылған қонақтар
Əкелгені қой-ешкі, небір дəмді шараптар,
Сұлулардың қолынан піскен наны жəне бар,
670. Солайынша Атрид күтті мейман сарайда.
Одиссейдің үйінде дəл осынау орайда.
 Күжілдесіп күйеулер күш сынасып, өңшең бір
Зілдей ауыр доп атып, масайрасып жатты ойнап,
Тасырлатып ерігіп тас төсеген алаңда.
675. Алайдағы Антиной Евримахпен аяулы
Отырысты оңаша, ерлер еді таңдаулы
Күші басым өзгеден. Фрон ұлы Неомон
Таяп келіп оларға, қойды тосын сұрауды:
«Екеуіңнің, Антиной, айтқандарың қайсың жөн,
680. Қашан қайтар Телемах сонау құмды Пилостан?
Кемемді алып кетіп ед, беріп едім қимастан.
Керек боп тұр өзіме, Элидағы кең жайлау
Барып қайтсам деп едім, онда менің үйір қосқан
Он екі бием бар еді, бəрі тағы, бəрі асау.
685. Соның бірін ұстап ап, бас білгізсем деп едім».
Таңырқасты күйеулер, нендей жауап берерін
Біле алмады табанда; Ойларында болмаған
Ол Пилосқа кетті деп. Жəй əшейін ойлаған
Шаруасында жүр ғой деп, шолып өріс келемін.
690. «Шындап айтшы бізге сен: Қашан кетті ол жаққа?
Серіктері кім екен? Əлде жұртты жалдап па?
Соның бəрін пəтшағар қай уақытта үлгірген?
Сен жасырмай баянда, біз мағлұмат алмаққа.
Сұраған соң бердің бе? Əлде күш пе, салмақ па?»
695. Фрон ұлы Неомон Антинойға тіл қатты:
«Өзім бердім дедім ғой, өтінген соң тым қатты.
Көңілі жарым жігітке кім болса да берер ед,
Қайтаруға тілегін, сірə, бізден ұятты.
Серіктері кіл жастар, ылғи жайсаң, қуатты;
700. Өлместердің ішінен Ментор еткен басшылық.
Əлде Ментор кейпінде киінген бір жас жігіт.
 Аңғарғаным сол менің. Ажарына таң қалдым,
Өйткені мен Менторды кеше көріп қалғанмын.
Басқа кеме мінсе де, əдейі көзге бастырып».
705. Соны айтты да жөнелді. Əкесінің үйіне ол
Антиной мен Евримах қасіретке шомды мол.
Ойындарын қоя сап, барлық күйеу жиналды,
Отырысты қоралап. Евпент ұлы Антиной
Кекке толды кеудесі, ашу қысып, сөз алды:
710. «Ал, қайнады сорымыз! Бастапты бір Телемах
Біз білмеген зор істі; Сапар шегіп, жол қарап.
Одан күткен жоқ едік өжеттікті біз мұндай.
Мықты кеме тауып ап, жігіттерді ызғындай
Серікке алып жөнелген, талабы да – талап-ақ!
715. Азап, апат бəрі де – кенді содан келер-ақ!
Бірақ оның сазайын Зевс өзі берер-ақ
Бізге жолы жеткенше! Ал дайында бір кеме,
Жиырма ескекші əзірлеп, көк теңізді жағалап,
Мен тосайын алдынан тар қолтықта, жүлдеде
720. Итаки мен анау бір Зам қиясы тұсында.
Əке іздейтін неменің жанын қылдық ұшында
Шыңғыртайын бұйырса, жəһаннамға жөнелсін!» –
Деді ол сонда. Өзгесі мақұлдасты, қол алды,
Одиссейдің үйіне сосын қайтып оралды.
725. Пенелопа алайда күйеулердің бұл арам
пиғылдарын – өлімге Телемах басын бұйырған
Көп ұзамай естіді. Медонт еді оны ашқан:
Сөйлескенде кеше олар арасында бұл тұрған,
Пенелопа жатқан сарайға ести сала ұмтылған.
730. Пенелопа сұрады босағаға жақындап:
«Айтшы, Медонт, күйеулер тағы нені шарт қылмақ?
 Нендей хабар əкелдің? Патша Одиссей күңдері
Өзге істерін қоя сап, берсін дей ме ас бапты?
О, жасаған, бұл сұмдар қашан менен бас тартпақ!
735. Қашан бұлардың сорақы думандары тыйылар?!
Қашан құзғын-жендеттің желкелері қиылар?
Аздырдыңдар-ау үйімді, таладыңдар малымды,
Телемахқа сақтаған қазынамды, барымды
Құрттыңдар-ау, күн бар ма иесіне бұйырар?
740. Күндеріңде балалық əкелеріңнен ақылды
Естімеппеңдер ешқашан Одиссей жайлы нақылды.
Одиссей жайлы мақтауды, жазығы жоқ ешкімге
Істегені қайырым, соларға сыры сарқылды,
Қадірі оның қисапсыз халықтың əлі есінде.
745. Патша болып, өзгені жəбірлеп еш көрмеген,
Жазалай да білмеген, жазғыруға көнбеген.
Сол секілді сабаздың аруағын ластап,
Көргенсіздік не деген, ұятсыздық не деген?
Жақсылыққа жамандық көретінім сендерден».
750. Ақылды Медонт сонда бір Пенелопаға айтқаны:
«Осымен бітсе жақсы ғой, бұл қырсықтың арт жағы,
О, құдіретті ханшам! Керемет бір кесепат
Ойлады мына күйеулер. Зевстен болсын сақтауы,
Өткір алмас қылышпен Телемах басын бір шаппақ,
755. Күтіп тұрып жолынан қайтарында сапардан.
Əкенің іздеп хабарын ол Пилосқа аттанған.
Патшалық қала – Лакедомон. Құдайдай көркем
шаһардан», –
Дегенде ол. Ананың шықпай да жаны шақ қалған.
Көзіне қанды жас толып, жүрегі жылып ақтарған.
760. Аздан соң есін жинады ол, байланған тілі босанып:
«Не айдады екен, Медонт-ау, баламды менің соншалық.
 Су аттары жүйткіген меңгерді қалай кемені?
Кімге, неге сенді екен, алыс, қиын жол салып?
Болды ма одан да атым өшсін дегені?»
765. Қайырымды Медонт тіл қатты мына сөздің соңынан:
«Білмеймін оны, құдай ма жетектеген қолынан,
Əлде өзінің жүрегі бағыттаған Пилосқа?
Əкесінің хабарын білу үшін, жолынан
Лақтырды деп тағдыры қай тарапқа, қай тұсқа?»
770. Медонт соны айтты да, патша үйінен жөнеді.
Пенелопа уайымнан өртенді енді өзегі;
Тастап тақыт, тұғырды, бөлмелерді жайнаған,
Босағада отырды ол жылап, соры қайнаған.
Күңіренген дауысқа күң жиналған кез еді;
775. Үлкен-кіші үдеріп, бəрі келіп қоршады.
Пенелопа сол кезде мұңды күймен сөз шалды:
«О, сүйкімді жарандар, жара салды жаныма
Олимпия Зевсі – замандасым тағы да;
Жарым өлді əуелі – зор қайғыны сол салды.
780. Арыстан жүрек сабаз ед даңқы кеткен алысқа,
Данайлардың ішінде Эллада мен Аргосқа.
Енді міне қасымда ұлым да жоқ аяулы;
Құйын-дауыл қуалап əкетті оны əр тұсқа,
Білмей қаппын мен бейбақ – онсыз көңіл қаяулы.
785. О, ақылсыз байғұстар, бейғамсыңдар не деген,
Біреуіңнің ойыңа мені ояту келмеген!
Білгенсіңдер бəрің де ол алысқа кетерін,
Əзірленіп сапарға, аттанғанын кемемен.
Не қалар ед жолынан, не өз басым өлер ем.
790. Шақыртыңдар ал, маған Долнон шалды тезірек,
Əкем оны бір кезде қалыңға қосып беріп ед.
Менің адал қызметшім – бақ, жанымды қарайтын.
 Өзі барсын Лаэртке, айтсын болған жайды айқын,
Лаэрт сосын халыққа мұңын шақсын еңіреп.
795. Немересін өлімге қия ма шын мына жұрт?
Одиссейдің баласын құдай тектес бір алып?»
Евриклея ежелден тəрбиеші ана еді,
Патша-ханым өзіне сөз арнады қиналып.
«О, жарығым, падишам, менің кінəм бар еді,
800. Өлтірсең де аямай, кетсең дағы өзің біл.
Енді айтайын жасырмай, көрген менің көзім бұл,
Жиналарда сапарға, əзірлеткен азығын,
Ауызымнан серт алған – айтсам менің жазығым,
Он екі күн өткенше; бар байласқан сөзім бір.
805. Айтпа деген онда да, сұрамаса анашым,
Солдырады жылаумен қос көзінің қарасын –
Деп өзіңді аяды ол. Ал сүйікті падишам
Жуын, таза киім ки, табар бойға жарасым.
Бөлмелерге жоғарғы күңдеріңмен барасың.
810. Оның сонда Зевстің тəңіріндей қызына,
Құлшылық ет, жалбарын, қарат дəм мен тұзыңа.
Сол құтқарар ажалдан даладағы балаңды;
Шал байғұсты мұңайтпа онсыздағы жаралы.
Көңілі көп құдайдың қойған жоқ əлі бұзыла.
815. Əулиетіңе қасиетті – Аркесиад ұрпағы,
Əлі олардың қолында – патша үйінің бір тағы.
Итакидің байлығы – даласы мен жайлауы».
Евриклея жұбатты, көздің жасы құрғады,
Енді ақылын алуға жалбаруға сайланды.
820. Бөлмесіне жоғары көтерілді күңдермен.
Дəн толтырып аяққа, сыйынды ол бір деммен:
«О, құдіретті Зевстің сəби қызы, Афина,
 Қасиетті Одиссей малын шашып, сый берген
Қызметін есіңе ал, лайықты атыңа.
825. Құтқара гөр, сақтай гөр енді соның баласын,
Жəне доғарт мынау сұм күйеулердің таласын».
Жалбарынды осылай, ескерусіз қалмады,
Ал күйеулер бұл кезде думандарын жалғады,
Кейбіреулер арнады мазағы мен жаласын.
830. «Біздің ханша-патшамыз жасап жатыр той қамын,
Баласына білместен не даярлап қойғанын», –
деп даурығып мəз болды, шынында да өздері
Болжамаған, білмеген көретінін ойранын
Сөз сөйледі Антиной, жинап алып ол бəрін.
835. «Ау, тентекбас жігіттер, ондай сөзді тыйыңдар,
Жарым болса егерде жағдайларың қиындар.
Үндеместен тарқайық, уəделі іске көшейік».
Жиырма жігіт халықтан таңдап алып дəлме-дəл
Кеме жаққа жөнелді ол. Құмда тұрған теңселіп
840. Кемені тартты теңізге. Керіп байлап желкенді.
Ұзын-ұзын ескекті тұзақпенен көмкерді.
Жиналғанда қарулы өңкей жігіт өлермен
Отырысып кемеге, көк теңізге жөнелген.
Батар күннің алдында ас ішуді жөн көрді.
845. Пенелопа бұл кезде биік төсек мекенде
Жатты сұлық қайғырып. Қарамастан не дəмге,
Барлық ойы – баласы, құтыла ма ол мүскін,
Əлде қаза табар ма жау қамалап келгенде.
Арыстандай қансырап, оқ жаудырып мергендер?
850. Осы ойынан ол шошып, қалтырады денесі
Ұйқы келді соңынан, өшіп ойдың елесі.
Қайырымды Паллада бір жақсы ойға бекіді:
 Нұр кескінді Иортима – Икарий шал қызынан,
Құдіретті Евмелмен ақ некесі қиылған,
855. Фессал Фера патшасы – айнымайтын нақ содан
Бір кескінді жасады ол. Соны енді жұмсаған
Пенелопа үйіне, сүрт деп жасын бұлаған,
Қайғы-мұңнан арылт деп, тілегін бер сұраған.
Барды соған əлгі елес, жолды тауып турадан.
860. Есік байды қозғамай, кірді жайлап бөлмеге.
Бас жағында тұрып ап былайынша сөйлеген:
«Жатсың ба ұйықтап, тыныш жəй, Пенелопа, сіңлім?
Қапалы ма жүрегің? Өңшең бейғам құдайлар
Жылауға да, өксуге саған лұқсат бермеген.
865. Телемағың есен-сау оралады ұзамай,
Құдайларға ол жазықсыз. Басыңды көтер жыламай».
Мынау апасымаққа Пенелопа тіл қатты,
Құшағында ұйқының жатып алып тым тəтті:
«Қайдан келдің бауырым? Көптен сені көрмедім.
870. Кеттің алыс мекендеп. Қалайынша сен менің
Қасіретіме сенбедің? Қапаланбай, жыламай,
Қалай ғана шыдармын? Ерім өлді арыстан,
Атағымен батырлық Эллада ен Аргостан
Кең өлкені таңдантқан, намысына шыдамай,
875. Енді бүгін қасымда сүйікті ұлым жоқ ол да,
Кеткен шығып теңізге, ізі-түзі жоғалған.
Əлі сəби жас еді, көргені жоқ дүниядан,
Күйеуімнен гөрі де, қу жаныма сол батты;
Нендей күйде екен деп жүрек сорлы тулаған.
880. Қай теңізде жүзді екен? Қай халыққа барды екен?
Менің үйім ал мұнда – еткен ылғи жау мекен.
Өңкей залым адамдар жолын аңдып баланың
 Өлтірмекші ойлары, не құндары қалды екен?»
Елес сонда сыбырлап, Пенелопаға қарады:
885. «Азаптама жүректі, бос жүдеме, сабыр ет,
Серігі бар балаңның, аспайды одан құдірет.
Ондай жанға кім болса – аз тағдырын тапсырар.
Афинаның дəл өзі ол. Оған бəрі бас ұрар.
«Көңлін жұбат бар дағы, айт баласы тірі деп»
890. Маған солай бұйырған соның өзі – білгейсің».
Пенелопа ақылды əлгі елеске тілдесті:
«Құдай болсаң егер сен, құдай даусын естісең,
Жалынамын, баламның күйін айтшы, сен білсең,
Қай жерде жүр ол байғұс? Қандай қиын күн кешті?
895. Əлде, бəлкім, жөнелді өлкесіне Аидтың –
Оралмастың жолына – тумайтұғын қайтып күн?»
Пенелопаға тағы да сыбырлады əлгі елес:
«Одиссейдің жайынан жарытпаймын айтып мен,
Өлі ме ол, тірі ме – оның еркі менде емес», –
900. Сөйдеді де, есіктің саңылауынан зып берді,
Бейне желдің лебіндей көрер көзге жоқ белгі.
Пенелопа оянып, тұрды сонда төсектен,
Жадырады жан-жүрек. Пайғамбардай бейнені
Шапағатты тəңірі көз алдына көрсеткен.
905. Бұл уақытта күйеулер кемемен су тілгілеп
Телемахтың өлімін шын көңілмен жүр тілеп.
Итаки мен сонау бір таулы Замның ортасы –
Тұзды теңіз ішінде – тұратын бар жартасы,
Өзі де бір қанды жер – сезетұғын сұм жүрек.
910. Атер еді аты оның, көлемі онша зор емес,
Кеме тоқтар жері бар – екі жақтап ерте-кеш
Келіп жатыр жүргінші. Айқайла да, атой бер,
Естілмейді ештеме. Күзетте тұрған Ахейлер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу